Жаңалықтар

БОЛАШАҚ ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА!

Алматы технологиялық университетінде Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында бүгінгі жастардың қоғамдағы рөліне арналған жастар ұйымдарының қалалық конференциясы өтті.

Оқу ордасындағы Жастар саясаты бөлімінің 20 жылдығына орайластырылып өткізілетін конференцияға Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Д.Қайратұлы, Алмалы ауданы әкімінің орынбасары А.Бекжанова, «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры А.С. Касенғалиев, «Алматы студенттер альянсы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ж.Б. Қуандық, «G39» қоғамдық қорының төрағасы Э.А. Гусейнов, Алматы қаласы жоғары оқу орындарының өзін-өзі басқару студенттік органдары, жастардың қоғамдық ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдары қатысты.

Конференцияның алғашқы сөз кезегін АТУ-дың тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Қалтай Батхолдин алып, Алматы жастарының тек оқу ордаларында ғана емес, қаланың қоғамдық өміріне де белсенді атсалысып келе жатқанына тоқталды.

  • 1999 жылғы қарашаның 17-ші жұлдызында Алматы технологиялық университетінде студенттік өзін-өзі басқару органының тұсау кесер рәсімі болып, Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімдігінің өкілдері Жастар ісі жөніндегі  комитетке  № 001 куәлік тапсырды. Сол жылдан бері Жастар комитеті қалыптасу, жетілу, шыңдалу аталатын көптеген жеңісті жолдан өтті, – деді Қ.Батхолдин.

АТУ-дың бірінші проректоры Бауыржан Нұрахметов университет басшылығы атынан Жастар саясаты бөлімі мен университет студенттерін айтулы мерекемен құттықтады.

  • 20 жыл ішінде АТУ-дың Жастар саясаты бөлімі әр жылдары әртүрлі аталса да, негізгі қағидасы саналатын студент жастарды тәрбиелеуге өз үлестерін қосып, университеттің дамуына атсалысып келеді. Жастарымыз қалалық, республикалық деңгейде абыроймен үлкен жетістіктерге жетіп, қуантып жүр. Оған біз бен сіз куәміз. Әр жылдарда Жастар саясаты бөліміне басшылық еткен университет түлектерінің еңбегінің арқасында университет дәстүрден жаңылмай, жыл сайын биіктерді бағындыруда, – деді Б.Нұрахметов.

Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанова дәл осыдан 20 жыл бұрын аудан әкімінің Жастар кеңесінің мүшелеріне алғашқы куәлікті табыс еткенін, сол жастар үмітті ақтап, мемлекетімізге адал қызмет етіп жатқанын, жастардың осы үрдісті жалғастыруына тілектестігін білдірді. Сондай-ақ, Алматы технологиялық университеті Жастар саясаты бөлімі бастығы Е.Әбдешовке алғыс хат табыстап, тілегін білдірді.

Алматы технологиялық университеті білім мен тәрбиені ұштастырып, өзін-өзі басқару мәселесінде де алда келе жатқан еліміздің жетекші оқу орындарының бірі. 20 жылдан бері университеттің көркеюі мен өркендеуіне Жастар саясаты бөлімі айтулы үлес қосып келе жатыр. Бөлімнің негізгі мақсаты – студенттердің қоғамдық өмірдің әртүрлі саласында жан-жақты дамуы және белсенді болуы үшін жағдай жасау, олардың экономикалық және әлеуметтік құқықтары мен еркіндігін түсіндіру, жүзеге асыру және қорғау.

Медиа центр АТУ