Жаңалықтар

Жаңарған кітапхананың жаңа мүмкіндіктері!

2021 жылдың 9 желтоқсанында сағат 15-00 Алматы технологиялық университетінің Ғылыми кітапханасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

2020 жылы АТУ-дың Ғылыми кітапханасында модернизация жасалып, күрделі жөндеу жұмыстары басталған еді. Жөндеуден кейін мұнда жаңа жиһаз, жылдам интернет, компьютерлер залы жаңартылып, WIFI желісінің жылдамдығы артты. Дәстүрлі түрде кітап оқысы келетін жандарға жарық, жылы, ыңғайлы орындар заманауи дизайнмен безендіріліп жасақталған.   

Жөндеуден кейінгі салтанатты ашылу рәсімінде Алматы технологиялық университетінің бірінші проректоры Б.Қ.Нұрахметов пен жазушы Тәуке Әнесұлы қызыл лентасын қиып, кітапхана қызметкерлеріне құттықтау сөздерін арнады. Қаржы және экономикалық мәселелер жөніндегі директоры М.С.Құлажанова, Маруана Хамзақызы, Бердалы Оспан сияқты жазушылар ақ батасын беріп, кітапхана ісіне табыс тіледі. АТУ-дың Ғылыми кітапханасының директоры Б.Т.Төлекова экскурсия жасап, жаңарған кітапхана залдарындағы өзгешеліктермен таныстырды. Жаңадан кеп түскен кітаптардың үш күн ішінде сөреге қойылатын техникалық шарттары туралы баяндап, қонақтарды тосын ақпараттармен қызықтырды. Жөндеуге дейінгі және жөндеуден кейінгі кітапхана туралы бейнеролик көрсетілді.    

Қазіргі таңда бұл кітапхананың қоры 940 мыңнан асады. Сол кітаптың бәрі кедергісіз қолжетімді. Оған қоса 119 мыңнан асатын электронды кітап қоры бар. Кітапхана ЖОО-ның бағытына сай келетін тоғыз ірі ғылыми-ақпараттық ресурсқа жазылған. Сұранысқа ие жаңа шыққан кітаптың бәрін алып оқуға мүмкіндік бар. Мұның барлығы «Кітапхана байланыста» телеграм арнасы арқылы қолжетімді. Электронды каталог пен электронды кітапхананы интернеттен мына сілтеме бойынша табасыз: http://library.atu.kz