Жаңалықтар

Алматы технологиялық университеті ребрендинг жасады

18 қыркүйекте Алматы технологиялық университетінде «ALMATY TECHNOLOGICAL UNIVERSITY» жаңа брендімен таныстыру мақсатында баспасөз конференциясы өтті.

Бүгінде экономиканың қарқынды дамуы үшін еліміздегі жоғарғы оқу орындары еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, жан-жақты біліммен қаруланған, білім мен тәжірибені ұштастырған білікті мамандар даярлауы қажет. Жоғарғы оқу орындарының негізгі мақсаты да – осы. Алматы технологиялық университетінің миссиясы – әлемнің үздік оқу ордаларымен тең дәрежеде білім беру. Университет білім мен ғылымда жаңа технологияларды пайдаланып, әлемнің үздік университеттерінің қатарына енуді мақсат етеді. АТУ-дың жаңа бренді дәл осы мақсатта әзірленіп, қабылданып отыр.

Конференцияға Алматы технологиялық университетінің бірінші проректоры, профессор Б.Қ. Нұрахметов, «Aida KaumeNOVA» брендінің негізін қалаушы дизайнер Аида Кауменова, «Беккер и К» ЖШС Наубайхана және кондитерлік цех директоры Н.М. Калиева; «Pomodoro» мейрамханаларының негізін салушы Джорджио Палацци қатысты.

Алматы технологиялық университеті үстіміздегі жылғы тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігінің сараптамасы бойынша – еліміздегі алдыңғы қатарлы техникалық университеттердің үздік бестігіне кіреді, ал білім беру бағдарламаларының рейтингісі бойынша рейтингке қатысқан 46 мамандығымыздың 32 жүлделі 1,2,3 орындарға ие болды, оның ішінде 17 мамандығымыз 1 орындарды иеленді. Ал бүгінгі университет ребрендингінің басты мақсаты – білім беру нарығында жаңа әрі есте қаларлық стиль құру, әлемнің жетекші университеттерімен ынтымақтастық байланысты дамыту, – деді Б.Қ. Нұрахметов.

Университет проректорының айтуынша, АТУ халықаралық QS агенттігінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері университеттерінің рейтингісі бойынша үздік 200 университеттер қатарына биыл бесінші рет кіріп отыр.
Конференция барысында АТУ Түлектер қауымдастығының төрағасы Аида Кауменова шетелде білім алуға бағытталған бағдарламаның арқасында табысқа жеткенін айтты.

Мен осы университетте оқыған кезде оқу ордасының атауы басқа болатын. Одан кейін Алматы технологиялық университеті болып өзгерді. Ал бүгін халықаралық аренаға лайықталып өзгергеніне қуанып отырмын. АТУ-да алған білімімді Италияда жалғастырдым. Білім базасы осы оқу ордасында қаланды. Университтер арасындағы байланыс арқасында 13 жылдан бері табысты еңбек етіп келе жатырмын, – деді дизайнер.

Жиын барысында оқу ордасының жаңа логотипі таныстырылды. БАҚ өкілдері, мемлекеттік және қоғамдық бірлестіктер мен отандық және шетелдік бизнес құрылымдар өкілдеріне университет музейі, ет, нан, сүт өндіретін орталықтар мен қонақ үй, мейрамхана, тамақ және жеңіл өнеркәсіпке арналған ғылыми зертханалар, робототехника сыныптары таныстырылды.

1957 жылы негізі қаланған университет құрылған кезеңнен бастап баға жетпес қызметкерлер мен ғылыми потенциал жинақтады. Қазақстан және шетел экономикасы үшін 60 000-нан аса жоғары білімі бар маман дайындап шығарды. АТУ өзінің негізгі мақсаты саналатын білікті мамандарды даярлау, сонымен қатар ғылыми-зерттеу университеттеріне тән заманауи инновациялық және кәсіпкерлік инфрақұрылым құру жолында университеттің 2021 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарын жүйелі жүзеге асырып келеді.

Университеттің қоғамда жоғары бағалануы стратегияның дұрыс таңдалғанын көрсетеді. Сондай-ақ, Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының Ұлттық рейтингісінде АТУ 20 үздік университет қатарында, Қазақстанның техникалық университеттері бойынша үздік бестікке енеді. Университеттің негізгі мамандықтары саналатын тағам мен жеңіл өнеркәсіп, мейрамхана және қонақ үй бизнесі бойынша Қазақстан жоғарғы оқу орындарының білім беру бағдарламаларының жалпы рейтингісінде бірінші орын алады. Халықаралық QS рейтингісінде Шығыс Еуропа мен Орталық Азия жоғарғы оқу орындары арасында АТУ ТОП-200 университеттің қатарында.

АТУ әлемнің 120-дан аса жоғарғы оқу орнымен келісімшарт жасасқан. Бұл студенттердің акамдемиялық ұтқырлық арқылы шетелде білім алуына, сондай-ақ оқытушыларға шетелде тағылымдамадан өту, шетелдік әріптестермен бірлесіп ғылыми-зерттеу жобаларын жасауға мүмкіндік береді. Халықаралық университеттер Ассоциасиясының мүшесі ретінде АТУ Қазақстанның білім беру құрылымдарын жақын және алыс шетелдің жетекші білім беру ұйымдарымен біріктіру бойынша шаралар жүзеге асырады.

АТУ базасында Туризм және қонақ үй менеджменті институтымен (Швейцария), Еуропалық дизайн институтымен (Италия), Г.В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық унииверситеті (Ресей) және Пловдив қаласының тағам технологиясы университетімен (Болгария) бірлесіп қос диплом бағдарламасымен білім алу жүйесі жүзеге асырылуда.

Университетте тағам және жеңіл өнеркәсіп, мейрамхана мен қонақ үй бизнесіне арналған 3 Технопарк жұмыс істейді. Олар шикізаттан өнімді шығаруға дейінгі толық технологиялық циклды қамтамасыз ететін заманауи өндісітік қондырғылармен жабдықталған. АТУ өзінің құндылықтары мен дәстүрлерін өзгертпей жаңа биіктерге көтерілуде. Университеттің мақсаты айқын – әлемнің ең үздік университеттері қатартына ену.

АТУ Медиа орталығы