Жаңалықтар

«ҰЛЫ ДАЛА МҰРАТТАРЫ ЖӘНЕ ӘЛ-ФАРАБИ МҰРАЛАРЫ»

2020 жылдың 10 мамырында Алматы технологиялық университеті, Білім және ғылым Министрлігінің және ЖОО-ның «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедралары Ассоциациясының қолдауымен, ZOOM платформасында ұлы ойшыл Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «ҰЛЫ ДАЛА МҰРАТТАРЫ ЖӘНЕ ӘЛ-ФАРАБИ МҰРАЛАРЫ» атты республикалық онлайн-дөңгелек үстел өткізді.

Бұл іс-шараны университеттің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д. Қодар Зәмзә Мүтәшқызы ұйымдастырды.

Кездесуге Нұр-сұлтан қаласынан «Қазақстан халқы Ассамблеясының» мүшесі Джумурбаев Тимур Габдулович, әл-Фараби атындағы Қазақ  Ұлттық университетінің, Нур-Мубарак Египет ислам мәдениеті университетінің, Ільяс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің фарабитанушы ғалымдары, Алматы технологиялық университетінің «Кәсіптік оқыту және қоғамдық ғылымдар» және «Мемлекеттік және шет тілдері» кафедраларының әл-Фараби мұраларын насихаттаушы оқытушылары мен студенттері қатысты.

Онлайн-дөңгелек үстел университетіміздің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Батхолдин Қалтай Сейтқажыұлы ашып берді. Басқосуда Ільяс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры, ф.ғ.д. Қасабеков Аманжол, «ӘЛЬ-ФАРАБИ – ДАНЫШПАН ТҰЛҒА» атты баяндама жасады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ  Ұлттық университетінің профессоры, фарабитанушы ф. ғ. д. Алтаев Жакыпбек әл-Фарабидің мұрасы туралы сөз қозғады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д, профессор Құрманалиева Айнұр «ӘЛЬ-ФАРАБИ МҰРАСЫНДАҒЫ ТІЛ МЕН ЛОГИКАНЫҢ БАЙЛАНЫСЫ» туралы айтты.

Алматы технологиялық университеті «Кәсіптік оқыту және қоғамдық ғылымдар» кафедрасының  доценті ф.ғ.к. Закирьянов Асхат  фарабитанудың маңызына, Нур-Мубарак Египет ислам мәдениеті университетінің доценті ф.ғ.к. Хамзеева Базаркүл «әл-Фараби»  ғылыми Орталығының  тарихына тоқталды.

Ільяс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к. Аликенова Күлпан «ӘЛЬ-ФАРАБИДІҢ МӘДЕНИ ТАҒЛЫМЫ», әл-Фараби атындағы Қазақ  Ұлттық университетінің саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры ф.ғ.д. Әбдіғалиева Гүлжан, АТУ-дың «Кәсіптік оқыту және қоғамдық ғылымдар»  кафедрасының сениор-лекторлары,  с.ғ.к. Камырова Гүлжан  және Әшімова Зәйтуна әл-Фараби саяси көзқарастары  туралы, «Мемлекеттік және шет тілдері» кафедраларының лекторы Абдрахманова Қарлыға баяндама жасады.

Дөңгелек үстел өте қызықты өтті, ұстаздар пікірлерімен бөлісті, техникалық ЖОО-студенттеріне  «ӘЛ-ФАРАБИ МҰРАЛАРЫ» атты арнайы курс идеясын ұсынды. «Екінші ұстаз» атанған Әл-Фараби  ерекше ойларымен тарихта қалды, оның мұралары әлі де зерттеуді талап етеді. Қазіргі жастардын алдындағы мақсат – дүниежүзілік философияның ең ірі тұлғаларының бірі, данышпан  Әл-Фарабиді оқып, жаңаша зерттеу.  

АТУ –ың тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі
проректоры Батхолдин Қалтай Сейтқажыұлының кіріспе сөзі.

Құрметті әріптестер! Алматы технологиялық университетінің «Қазақстан халқы ассамблеясы» кафедрасының ұйымдастырып отырған Ұлы ойшыл Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «ҰЛЫ ДАЛА МҰРАТТАРЫ ЖӘНЕ ӘЛ-ФАРАБИ МҰРАЛАРЫ» атты Республикалық онлайн-дөңгелек үстел отырысына шақыруымызды қабыл алып, әл-Фараби мұралары төңірегінде ой бөлісуге келгендеріңіз үшін  университет басшылығының атынан сәттілік тілеуге рұқсат етіңіздер!   

Біріккен Ұлттар Ұйымының ЮНЕСКО аясында Фарабтан шыққан Әбу-Насырдың 1150 жылдығын халықаралық деңгейде атап өту қазақстандықтардың бойында мақтаныш сезімін ұялатады. Философиялық-ғылыми трактаттар түрінде 200-ге жуық шығармашылық мол мұра қалдырған, бүгінгі басқосуға қатысып отырған ф.ғ.д., профессор Қасабеков Аманжол Қасабекұлының пайымдауынша 70-ке жуық тіл меңгерген Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың сан-салалы әлемдік ғылыми ойдың дамуына қосқан өлшеусіз үлесіне терең бойлап, бүгінгі ұрпаққа кең насихаттап, дәріптеу оқытушы қауымның алдында тұрған басты парыз.

Ұлы ғұламаның «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Бақытқа жету», «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері» және «Мәселелердің түп мазмұны» сияқты қадау-қадау еңбектерінде қозғалатын мемлекет, басқару туралы тұжырымдары, ел тізгінін ұстағандардың ақыл-парасаты туралы ойлары, Ел басы, Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен  «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан көрініс тауып, бүгінгі өмірдің тыныс-тіршілігімен тығыз ұштасып жатыр. Демек, 1150 жылдығын лайықты атап өту арқылы, әл-Фараби бабамыздың рухани қазынасынан нәр алып сусындау, басшыдан қосшыға дейін әрбір көзі ашық, көкірегі ояу азамат үшін жауапкершілік жүгі салмақты міндет.

Ғұламадан қалған сөздерді жинақтаған, белгілі ғалым-этнограф Ақселеу Сейдімбектің айтуынша, бір замандасы әл-Фарабиден «алманың бойындағы ең жақсы қасиет не?, оның түсі ме, дәмі ме, шырыны ма әлде бітімі ме?»-деп сұрапты. Сонда ұлы ойшыл: «бәрінен де қасиеті жоғары-оның ұрығы! Алманың өзі ұрықтан өсіп шығады»-депті.  Халқымызда «ағаштың өсуі-бағбанынан»-деген ұлағат бар. Демек, бір-ақ ауыз сөзбен ұрпақ тәрбиесіне мән берген ұлы бабамыздың өсиеттеріне адалдық таныта отырып, өскелең жастарды Әбу Насыр әл-Фарабидің мұралары рухында тәрбиелеу, сол арқылы Ұлы Даланың қасиетті мұраты-Мәңгілік Ел идеясын санаға берік сіңіру біздің ортақ  жауапкершілігіміз.