Жаңалықтар

Жылдың ең үздік студенттері анықталды

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» деп дана халқымыз айтқандай талаптары мен таланттары қатар шапқан университетіміздің үздіктері бақ сынасты 10 ақпанда. Сайыстың мақсаты – студенттердің университет қабырғасында оқып жүріп, қоғамдық жұмысқа, өнер-білім, ғылымға белсене араласып, спортта, шығармашылықта жетістіктерін бағалап, жігер сыйлау, алға жылжуға одан әрі дамытуға талпыныс беру.

Қара қылды қақ жарып, әділ төрелігін көрсеткен қазылар алқасының құрамында университетіміздің бірінші проректоры Бауыржан Нұрахметов, Оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор Ляззат Байболова, ғылым және инновация жөніндегі проректор Бердан Рскелдиев  тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Қалтай  Батхолдин, экономика және қаржы мәселелері бойынша директор Маржан Құлажанова, «Эндаумент АТУ» корпоративті қорының директоры Айгүл Шыңдаулетова, Армения Республикасының Алматы қаласындағы Құрметті консулының көмекшісі Арам Навасардян болды.

Алдымен іріктеу кезеңінен өтіп, эссе жазып  шығармашылығын шыңдаған, жетістіктері мен мақтаныштарын көрсеткен тартысты бәсекеге өткен 12 қатысушыдан бағы мен бабы жанған 4 білім алушы үздік атанды. Жеңімпаздар «Эндаумент АТУ» корпоративті қорының тағайындалуымен арнайы 1 семестр бойғы шәкіртақымен марапатталды.

Атап айтсақ: тамақ өндірісі факультетінің 4 курс студенті Шахсанам Сексенбай Әл-Фараби атындағы шәкіртақымен, аталған факультеттің 2 курс студенті Әбдімәжит Сланбек   Родик Гайкович Мнацаканян  атындағы шәкіртақымен, жеңіл өнеркәсіп және дизайн факультетінің 2 курс студенті Саят Абдіманап Абай атындағы шәкіртақымен, инжиниринг және ақпараттық технологиялар факультетінің 2 курс студенті Сағындық Әрсен Шоқан Уалиханов атындағы шәкіратықыға ие болды.

Барлық қатысушыларға университеттің брендтік киімі сыйға берілді.