Жаңалықтар

Профессорлық-оқытушылық құрамға арналған семинар

17 қаңтарда Алматы технологиялық университетінде профессорлық-оқытушылық құрамның қатысуымен семинар өтті.

Жиын барысында АТУ-дың бірінші проректоры Бауыржан Нұрахметов Білім және ғылымның дамуына бағытталған 2020-2025 жылға арналған мемлекеттік бағдарламаның негізгі бағыттарын түсіндірді.

– ҚР Білім және ғылым министрлігі 2025 жылға дейінгі білім және ғылымның дамуының мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Аталған бағдарламаны әрбір жоғарғы оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамымен талқылау жүктелді. Бағдарламаның басты мақсаты – Қазақстандағы білім мен ғылым саласының жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту; ғылымның ел экономикасына қосар үлесінің артуы, – деді Б.Нұрахметов.

2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның орындалуы 96%-ды құрады. Ал 2020-2025 жылға арналған мемлекеттік бағдарлама жаһандық дамуды, технологияның дамуы мен цифрлы Қазақстанға сай жасалды.

– Бағдарламаның негізгі бағыттарына білім және ғылым жүйесінің кадрлық әлеуетін дамыту, барлық деңгейдегі білім беру мазмұнын жаңғырту, білім мен ғылым инфрақұрылымын дамыту және цифрландыру, білім беруді басқару және қаржыландыру жүйесін трансформациялау мен ғылыми-зерттеу қызметін жаңғырту жатады, – деп атап өтті бірінші проректор.

Сондай-ақ, семинарда «Тағам өнімдерінің технологиясы» кафедрасының меңгерушісі А.М.Таева Пән бойынша оқу нәтижелерін тұжырымдау және оларды бағалау, білім сапасы менеджменті бөлімінің бастығы Т.М. Демина 2019-2020 оқу жылының 1 жарты жылдығындағы білім беру сапасы жайында сөз қозғады.