Жаңалықтар

УНИВЕРСИТЕТ БАСШЫЛЫҒЫ СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

5-6 ақпан күндері Алматы технологиялық университетінің басшылығы жылдағы дәстүр бойынша студенттермен кездесті. Бұл шараның мақсаты – оқу үдерісінің сапасын жақсарту және студенттерге ыңғайлы жағдай жасау.

Алматы технологиялық университетінің бірінші проректоры, профессор Бауыржан Нұрахметов биылғы оқу жылынан бері университет студенттеріне әкімшілік тарапынан жасалынып жатқан іс-шаралар туралы баяндап берді. Кездесуде студенттердің әлеуметтік-материалдық жағдайы, оқу үдерісі, тәрбие жұмысы, ғылыммен айналысуы, академиялық ұтқырлық мәселесінің шешілуі, спортпен, өнермен шұғылдануы және т.б мәселелер жан-жақты сөз болды.

Сондай-ақ, студенттер көкейлерінде жүрген түрлі сұрақтарын қойды. Жатақхана мәселесі, шәкіртақы көлемі, асханадағы ас мәзірі, сабақ үлгерімі, т.б. мәселелерге байланысты қойылған сұрақтарға Алматы технологиялық университетінің бірінші проректоры Бауыржан Нұрахметов, тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Қалтай Батхолдин, әкімшілік-шаруашылық жұмыстар жөніндегі проректор Болат Ерденбеков толыққанды жауап берді.

Кездесу соңында Алматы технологиялық университетінің бірінші проректоры Бауыржан Нұрахметов студенттерге оқу үдерісінде, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларда проректорларға, факультет декандарына, оқу бөліміне барып, орын алған мәселені шешуге, ақыл-кеңес сұрауға қысылмау керектігін айтты.