Жаңалықтар

«Кел балалар, оқылық – Ыбырай Алтынсарин»

Алматы технологиялық университеті  2 желтоқсан 2021 жылы сағат 16:30-да Коворкинг орталықта «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы және АТУ Жастар кеңесі, АТУ Жастар шығармашылық орталығымен бірлесіп,  «Кел балалар, оқылық – Ыбырай Алтынсарин» тақырыбында әдістемелік- танымдық семинар өткізді. Модератор: Қодар Зәмзә Мүтәшқызы – «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедра меңгерушісі, ф.ғ.д., РAE корреспондент мүшесі. Жүргізуші: Түнғатаров Жансерік Сланұлы – Жас Отан АТУ ұйымының төрағасы.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Кел балалар оқылық» атты Ыбырай Алтынсарин атамыздың 180 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылып жатқан мерекелік іс ерекше тұлға туралы кіріспе видео-роликпен басталды.

Алғашқы ұстаз, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өмірімен, шығармаларымен қонақтарымызды таныстыру мақсатында оның әңгімелері арқылы шәкірттерді имандылыққа, адамгершілікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу туралы айтылды. Ы.Алтынсарин атамыздың өмір жолын студенттерге Нұрғалиева Райса таныстырды.

«Сауатты болса екен деп қазақ халқын,
Білімге бастап беріп, жолды салды.
Тәлімді, тәрбиелі еңбегімен,
Ыбырайдан өшпестей мұра қалды», – дей жырлаған спикер келесі кезекте Ы.Алтынсарин атамыздың шығармаларын оқыды. Ерекше мәнермен өнер көрсеткен студенттеріміз: Бауыржанқызы Аида, Ибрагим Ақнұр Жұмабекқызы ТПП-21-13 «Балқожа бидің баласына жазған хатын»; Ишмуратова Камар ТПП-21-13 «Ананың сүюі» өлеңін оқыды.

Ы. Алтынсарин өз өлеңдерінде балаларды оқуға, білім алуға шақырса, ал  әңгімелерінде еңбекті сүюге, қадірлеуге, адамгершілікке, имандылыққа, адал достыққа, тазалыққа үйретеді. Келесі сөз ф.ғ.к, Тұран университеті «Журналистика және аударма ісі» кафедрасының доценті Тулекова Гүлжан Қажымұратқызына берілді. Тақырыбы: «Ыбырай Алтынсарин әңгімелерінің танымдық синопсисі». Студенттеріміздің қызығушылығын оятып, терең мағынада талдауымен бөлісті.

«Сәлем жолдап шәкіртке дұғай-дұғай,
Ұрандап өлеңімен келді былай.
Жас ұрпаққа жар салып жанымен де
«Кел, балалар, оқылық» – деді Ыбырай.

Ы.Алтынсарин кешін одан әрі жалғастырып, Болатова Айдана, Куатбек Венера қыздардың көмегімен  ойын ойнатылды. Ойында екі топ өнер көрсетті. АТУ және Тұран университеттерінен ойы жүйрік шапшаң жандарды  анықтау мақсатында Ы.Алтынсарин атамыздың өмір жолы мен өлеңдерінен сұрақтар қойылды. 1 топтың аты – «Кел балалар оқылық», 2 топтың аты – «Өнер-білім бар жұрттар» болды. Тартысты өткен ойын жеңімпазы – «Өнер-білім бар жұрттар» болды. Ойын жеңімпаздарына АТУ басшылығы атынан керемет сыйлықтар берілді.

Осы шарада ұлы ағартушы, тұңғыш қазақтың елінде мектеп ашқан, алғашқы ұстаз Ы.Алтынсариннің өмірбаянымен толық танысты. Ыбырай Алтынсариннің шығармаларына, ағартушының еңбектеріне тоқталды. Өзіндік ізін қалдырған, өскелең ұрпақтың еш есінен кетпестей ұстаздың жолын арнап өткендігін көріп, біліп, танысты. Соңында екі университет студенттері бір-бірімен танысып, қызықты идеяларымен бөлісіп, құрылған ұйымдар болашақта қайырымдылық шараларын, әдістемелік-танымдық семинарларды көбірек ұйымдастыруға , екі университет арасына алтын көпір жасауға ұсыныс тастады.

Ұйымдастырушылар осындай студенттерімізге қызықты, тәлім-тәрбиелі іс-шараларды өткізуге қолдау көрсеткені үшін: АТУ басшылығына,  4 Факультет басшыларына, АТУ Қоғаммен байланыс бөліміне, АТУ  ақпараттық технологиялар бөліміне алғысымызды білдіреміз!