Жаңалықтар

АТУ басшылығының профессорлық-оқытушылық құраммен кездесуі

2021 жылдың 11 мамыры күні өткен АТУ басшылығының профессорлық-оқытушылық құраммен онлайн кездесуінде бірнеше маңызды мәселе талқыланды. Жиын басында АТУ Бірінші проректоры Б.Қ.Нұрахметов қатысушыларды әр тақырыптың спикерлерімен таныстырып өтті.

Ең бірінші мәселе – «2021-2022 жаңа оқу жылына дайындық жөнінде» атты жоспар болды. Жаңа оқу жылы 06.09.2021 жылы басталатыны хабарланды. Оны Оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор Л.К.Байболова атап айтты. Баяндама барысында силлабустарды жасау, пән бойынша ПОӘК жасау, аудиториялық дәрістерді бекіту, цифрлық ресурстарды жаңалау, электронды ресурстардың қолжетімді болуын қамтамасыз ету, студенттер мен оқытушылардың цифрлық ізін мониторинг жасау бойынша ақпараттар айтылды. Оқытушылар БАОК (бұқаралық ашық онлайн курстар) жасау мен енгізу бойынша сауалдар жолдады, бұл мәселе жұмыс тәртібімен реттелетін болды.    

АТУ-дағы ғылымды дамыту мәселесіне Ғылым және инновация проректоры Б.Ә.Әлиев тоқталып өтті. Қазіргі таңда ең маңызды нәрсе «АТУ Хабаршысын» ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті бекіткен хабаршылар тізіміне енгізу уақыт күттірмейтін іс екендігі айтылды. Сондықтан авторларға деген талап күшейе бермек. Биылға АТУ-дан 22 ғалым мемлекеттік грантқа қатысуға жобаларын ұсынып, тек үшеуі грант жеңіп алған. Басшылық тарапынан жас ғалымдарға өз ісіне талапшыл болып, көздеген мақсатқа жету үшін, келешекте ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелі болуы үшін тиянақты дайындалу қажеттігі айтылды. 

АТУ Бірінші проректоры «ЖОО үздік оқытушысы», «Жас ғалым» атты байқауларға қатысып, өз бағын сынауға кеңес берді. Бұл байқаулардың беретін гранты жөнінде ақпар айтты.

Келесі маңызды  мәселе – Жемқорлыққа қарсы жүйені енгізу мен жетілдіру. Құқықтық қамтамасыз ету және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығы Б.А.Есембаева «АТУ» АҚ жемқорлыққа қарсы жаңа, халықаралық стандарт ISO 37001:2016 менеджмент жүйесі енгізіліп жатқанын хабарлады. Оны енгізу үшін «АТУ» АҚ Директорлар кеңесі мақұлдаған. Жаңа стандарттың басты міндеті сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің мүмкіндіктерін дер кезінде анықтап, жағымсыз әсерін алдын ала тоқтату; – пара беру мүмкіндіктеріне жол бермеу, алдын алу;

Қызметкерлерді басқару бөлімінің басшысы Ж.М.Медетбаева профессорлық-оқытушылық құрамға қойылатын біліктілік жөніндегі талаптар байқауына тоқталды. Оған қоса оқытушылар мен қызметкерлер арасындағы вакцинация барысын айтып өтті.   

«Вакцинация – өте маңызды мәселе. Бұл өзіміз бен айналамыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мейлінше мұқият болу керек. Келесі оқу жылына дейін оқытушылар мен студенттердің көпшілігінде вакцина болуы тиіс. Себебі, келесі оқу жылы дәстүрлі режимде басталмақ. Ол үшін контингенттің денсаулығы маңызды болмақ» – деп түсіндірді Ж.М.Медетбаева.

АТУ Бірінші проректоры Б.Қ.Нұрахметов вакцинацияның маңызын атап өтті. Себебі, АТУ «Ashyq» жобасын қолдайды. Корпустарға кіру осы жүйе арқылы жүзеге асатын болады. 1 шілдеден бастап вакцина алғандар осы жүйеге интеграцияланады. Вакцинацияға қатысты кез келген сұрақ бойынша АТУ-дың денсаулық сақтау пунктіне хабарласуға болады. Қызметкерлер мен студенттер арасында түсініктеме жұмыстары жалғаса береді.