Жаңалықтар

Ас атасы – нан

Қонақ лекцияларымызды жалғастырудамыз. Бүгін бізде қонақта “ХБК” АҚСАЙ”  ЖШС-нің өндіріс меңгерушісі Кириллова Елена Викторовна болды. «Ақсай нан» 1987 жылы ашылған. Қазақстандағы тарихи өндірістердің бірі. «Қазақстанның үздік тауары» атты республикалық байқаудың жеңімпазы. Жыл сайын өтетін «Алтын сапа» ҚР Президентінің премиясын иеленген. «Мүлтіксіз» сапа белгісін алған өндіріс орны. 2013 жылдан бері ҚР Қаржы-экономикалық даму Халықаралық орталығының есебінше, «Ақсай нан» Қазақстан бойынша ең қауіпсіз өндіріс санатында. Қазақстан бидай өндіру бойынша әлемде алтыншы орында. «Ақсай нан» комбинатында отандық бидайды қолданатын 8 негізгі және 3 қосымша цех бар.   

Елена Викторовна, «Наубайханашы болам деп армандамадым», дейді. Тек өмірлік жағдайлар оны наубайханаға келуіне себепші болған, сол жағдаяттарға шын ниетімен алғыс айтты. Қарапайым қызметкер болып бастап, келе-келе өндіріс шебері, технологы, директоры болып қызметі өсіп отырған. Қазіргі таңда өндірісті басқарып, қызметкерлерімен тәжірибе алмасады, білгенін үйрететін білікті маман, өз ісін сүйетін кәсіп иесі.

Студенттер сұрақтар қойып, қызықты әңгіме үшін алғыстарын білдірді. Елена Викторовна түрлі экскурсиялық роликтер әзірлеген екен, солармен танысып, біраз мағлұмат алды.

Дәріс соңында қонағымыз студенттерге «Жоқтан бар жасауды үйреніңдер, өз кәсіптеріңді жақсы көріңдер, жақсылық жасаудан ұялмаңдар! Жастар – еліміздің келешегі сендер!» деп батасын берді.