Жаңалықтар

Жұмыс іздеуге байланысты аңыздар

Бүгін қонақ лекцияны «DANONE BERKUT» ЖШС-нің Мәдениет пен ынтымақтастықты дамыту менеджері Унайбеков Руслан Маратұлы жүргізді.

Лектор қарапайым маркетологтан мықты маманға айналудың қыр-сыры жайлы ойларымен бөлісті. Егер адамның біліміне, өзіне сенімі болса, ол мамандығын жақсы игеріп кете алатынын айтып өтті. Ең бастысы, білімге ден қою. Себебі, базалық білім маманға келешекте қажет болатын қазына.

Тағы бір аңыз – тәжірибе болмаса жұмысқа алмайды деу. Мұны да еңсеруге болады. Бастысы – мақсаттан айнымау. Қиындықтан қорықпау. Жаңа дағдыны меңгеруден үрікпеу. Түрлі аутсорсинг және жергілікті компаниялар арасындағы айырмашылықтар туралы айтылды. Бренд келешекте резюменің салмағын үдететіні туралы ойымен бөлісті. 

Кезекті аңыз – байланыстар. Міндетті түрде әлдекімнің көмегіне сүйену керек деген аңыз. Бұл жалған. Жұмыс іздеуде басты рөлді – дұрыс коммуникация ойнайды. Адам өзінің дұрыс сөйлеп, дұрыс сұрақ қоя білуіне мән беруі тиіс. Керек нәрсені сұрап алуға бейімделу қажет. Сұқбаттасу кезінде қажетті, маңызды ақпараттарды айта білуі маңызды.

Лектордың айтуынша, технологиялық ЖОО-да оқу өте үлкен жетістік. Себебі, мұндай оқу орнында оқитын адамдардың логикалық ойлау жүйесі қалыптасады. Бұл жұмыс істеу кезінде анық байқалады. Резюме жазу кезінде бағалаудың құралдарына мән беруді атап өтті. Өзі жұмыс істейтін «DANONE BERKUT» компаниясының ұжымдық этикасы, жаһандық мақсаты, екіжақты қарым-қатынасы, компания миссиясы туралы мәлімет бере кетті.

Студенттер лекторға сұрақтар қойып, өз сұрақтарына нақты жауаптар алды. Сөз соңында лектор жастарға сәттілік тілеп, әрқашан өзіңе сенімді болудың маңызын атап өтті.