Хабарландыру

«Медиация – ұлтаралық келісімді қалыптастыру тәсілі» сарапшымен кездесу

2020 жылдың қыркүйек айының 30 жұлдызында «Медиация – ұлтаралық келісімді қалыптастыру тәсілі» атты «Қазақстан медиаторлар Қауымдастығы» ЗТБ бас директоры, «Халықаралық құқық қорғау орталығы» (ХҚҚО) РҚБ басшысы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, профайлер, НЛБ-шебер – Жакупов Жанділдә Әжіғалиұлымен бірге онлайн қонақтық-дәріс өткізілген болатын.

Алматы технологиялық университетінің басшылығы, факультет декандары мен декандарының орынбасарлары, кафедра меңгерушілері, барлық факультеттердің оқытушылары мен студенттері қатысты: Жеңіл өнеркәсіп және дизайн факультеті, Тағам өндірістері факультеті, Экономика және бизнес факультеті, Инжиниринг және ақпараттық технологиялар факультеті.

Аталмыш іс-шараны  университетіміздің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Батхолдин Қалтай Сейтжанұлы  ашып берді. Мұнан кейін сөз кезегі осы іс-шараны ұйымдастырған университетіміздің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д.Қодар Зәмзә Мұтәшқызына берілді. Кафедра меңгерушісі «АТУ» АҚ ректоры, ҚР Ұлттық Академиясының академигі, профессор, т.ғ.д. Талғат Құралбекұлы Құлажановтың бастамасымен Алматы технологиялық университетінде 2020 жылдың қаңтар айында «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының құрылғандығын атап өтті. Осы уақыт ішінде студент жастармен кездесу, студенттер сауалнамасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Тимур Жұмырбаевпен қонақтық дәріс, ұлы ойшылдың 1150 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы Дала мұраттары және Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасы» атты дөңгелек үстел өткізілді. «АТУ» АҚ «ҚХА» кафедрасның мегерушісі Қодар З.М. дайындаған Алматы технологиялық университетінің «CAF-ALTYN» командасы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған «ABAY-BATTLE» студенттік конкурсына табысты қатысты.

Жакупов Ж.Ә. университет басшылығына өз алғысын білдіре отырып, бұл іс-шараны семинар-тренинг ретінде өткізетінін айтты. Қатысушыларға түрлі қызықты сұрақтар қойып, сұрақтарға жауап беру барысында туындаған пікірталас нәтижесінде адамдар арасында қақтығыс орын алатындығын көзбе-көз дәлелдеді. Конференция қатысушыларына «Медиатордың басқа тұлғалардан айырмашылығы, Медиатор тұлғасымен Ақсақал және билердің ұқсастығы …сынды т.б.» көптеген сұрақтар қойылды. Презентация, видеоларды пайдалана отырып, спикер медиатор деген кім, оның атқаратын қызметі қандай, бағыттар мен салалары жөнінде тыңғылықты мәліметпен бөлісті.

Өз сөзі барысында Жанділдә Әжіғалиұлы ұлтаралық конфликт болмайтынын, тұлғааралық конфликт нәтижесінде ол ұлтаралық келіспеушіліктерге алып келетінін, осылайша ұлттар арасындағы келіспеушіліктердің негізгі себептерін әлеуметтік-экономикалық, этнодемографиялық, мәдени-тілдік, экологиялық жағынан тұлғалардың бір-бірін түсінбеу салдарынан туындайтынын атап өтті. Тұлғаның тұлға болып қалыптасуында ішкі және сыртқы конфликттердің маңызды рөл атқаратындығын және оларды шеше білу маңызды екендігі атап өтілді.

Дәріс 2 тілде (қазақ және орыс) өтті және әрбір тұлғаның бойында терең ой қалдыратындай өте қызықты, түрлі сауалнамаларға толы, әрі жан-жақты қамтылған болды.

Конференцияға 160 студент қатысты.