Жаңалықтар

«Aziaagrofood» ұн тартатын өндіріс

Алғысөзде ТТФ деканы Гүлшат Жақсылықова бүгінгі қонақ лекция оқитын спикерлермен  таныстырып өтті. Спикерлер Алматы өңірін тұтастай ұнмен қамтамасыз етіп отырған «АзияАгроФуд» АҚ қызметкерлері. Бұл компания еліміздегі еуропалық стандарттарға сай техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген, заман ағымына сай қанатын кеңге жайып дамып келе жатқан ірі өндіріс орындарының бірі. Кәсіпорынның негізгі қызметіне бидай дәнінен ұн өндіру, сонымен қатар, жүгері дәнінен крахмалды ферментативті және карамельді қышқыл сірне дайындау кіреді. Алғашқы сөзді «Азияагрофуд» АҚ сапа жөнінде бас менеджері Бейсебаева Гүлжан Тұрсынқұловнаға берілді. Ол студенттерге өз өндірісі жайлы қысқаша ақпарат беріп өтті. Ұн тарту өндірісі деген не, оның ұн тарту мен крахмал өндіру сияқты екі ауқымды өндірістен тұратындығына баса назар аударды. Сол екі бағыттағы өндірістің өндіру қуатына тоқталды. Бидайдың зертханадан бастап наубайханаға жеткенге дейінгі күйін айтып таныстырды. Екінші сөзді инженер-технолог Оспан Нұрлан Құрманұлы алды. Ол бүкіл үдерісті қазақ тілінде суреттеп, қысқаша баяндап берді. Үшінші спикер «Азияагрофуд» АҚ өндірістік-технологиялық зертхана басшысы Бейсенбаева Қарлыға Бердешовна бидайдың қандай сараптамадан өтетіндігін түсіндірді. Ұнды қалай талдайтындарын сипаттады. Осыдан кейін барып сұрақтар қойылып, сол сұрақтарға жауаптар берілді. Студенттер алғашқы тәжірибені қайдан өттіңіздер деген сұрақ қойып, әр спикер өзінің тәжірибе өту кезеңін еске түсірді, Қазақстанның түрлі элеваторларын еске алды. Тағы бір маңызды сұрақ – «Азияагрофуд» АҚ ұнды кімге сатады деген сұрақ болды. Спикерлер жарыса түрлі компанияларды атады, солардың арасында: Ақсайнан, Рахат, Хамле, Алмат продукт печенье, және де шетелден Ауғанстан мен Өзбекстан алатындығын баян етті. Сөз соңында қонақтарымыз студенттерге өз тілектерін айтып, қоштасты.