ҚХР ғылым және бизнес өкілдерінің делегациясы АТУ-ға арнайы сапармен келді
АТУ тағы да маңызды халықаралық кездесудің алаңына айналды. Университетімізге Қытай Халық Республикасының жетекші бейінді колледжі, бизнес және қаржы секторы өкілдерінен құралған делегация келді.
Сапардың негізгі мақсаты – академиялық байланыстарды нығайту, бірлескен білім беру жобаларын талқылау және «Бір белдеу – бір жол» жаһандық бастамасы аясындағы стратегиялық әріптестікті дамыту болды.
Делегация құрамында Шэньси қаржы және экономика кәсіби-техникалық колледжінің өкілдері: ректор Чэн Шуцян мырза, халықаралық алмасулар және ынтымақтастық бөлімінің басшысы Ян Хуа ханым, партия комитетінің хатшысы және бухгалтерлік есеп факультеті деканының орынбасары Хэ Ши мырза, партия комитетінің хатшысы және қаржылық инжиниринг пен заманауи технологиялар факультеті деканының орынбасары Чжан Ли ханым, жасанды интеллект факультеті деканының орынбасары Ян Гуан мырза, сондай-ақ бизнес қауымдастығы мен қаржы секторының өкілдері: «Сиань Саньхао» компаниясының халықаралық бөлім басшысы Су Юйвэй және Алматы қаласындағы Қытайдың Өнеркәсіптік-коммерциялық банкінің (ICBC Almaty) басқарма мүшесі Ян Сяогуан мырза болды.
Ресми келіссөздер барысында тараптар заманауи білім беру, ғылым және экономиканың нақты секторын ықпалдастыруға қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады. Әсіресе қаржылық инжиниринг, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект бағыттары бойынша бірлескен бағдарламаларды дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Кездесудің басты нәтижесі – ұзақмерзімді ынтымақтастықтың берік құқықтық негізін қалыптастырған үшжақты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуы болды. Келісімді жүзеге асырудағы маңызды қадамдардың бірі – АТУ-дың Экономика және бизнес факультеті базасында бірлескен оқу зертханасының ашылуы.
Қол қойылған меморандум мен бірлескен зертхананың ашылуы академиялық ұтқырлықты, қосдипломды білім беруді дамытуға және Қазақстан мен ҚХР арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қуатты серпін береді.








