DrinkLab Project Cup 2026: идея сусынға айналатын жер
АТУ-дың Тағам технологиялары факультетінде «Нан өнімдері және қайта өңдеу өндірістерінің технологиясы» кафедрасының жыл сайынғы студенттік жобалар байқауы өтті. Биылғы іс-шара университет серіктесі - «Carlsberg Kazakhstan» ЖШС қолдауымен ұйымдастырылды.
Байқау тақырыбы - «Болашақтың сусындары: технологиялар және жасанды интеллект». «Алкогольсіз сусындар мен ашыту өнімдерінің технологиясы» білім беру траекториясының 3-курс студенттерінен құралған тоғыз команда өз әзірлемелерін ұсынды: формулалар, технологиялық шешімдер, брендтер, жапсырма дизайны және маркетингтік тұжырымдамалар. Қазылар алқасы жобалардың таныстырылымдарын бағалап қана қоймай, ұсынылған сусындардың дәмін де татып көрді.
Қазылар алқасының төрағасы - «Carlsberg Kazakhstan» ЖШС инженер-технологы Тоғайбаев Жұмажан Каримбергенұлы сөз сөйледі, ол болашақ сала мамандарымен кәсіби тәжірибесі мен практикалық білімін бөлісті. Шақырылған сарапшылар қатарында Астана қаласындағы квас өндіру кәсіпорнының директоры Асқаров Нұрлан Өмірзақұлы және АТУ «Дизайн» кафедрасының сеньор-лекторы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Төремуратова Ғалия Едігеевна болды.
DrinkLab Project Cup 2026 жеңімпаздары! Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз!
I орын — «Golden Mix»
II орын — «Сергек» және «Sunrise»
III орын — «Vita Fruit», «Altaura» және «Fresh up»
Арнайы аталымдар:
«Үздік бренд тұжырымдамасы» — «Banana Delice»
«Жасанды интеллектті үздік қолдану» — «Gizan»
Университет пен бизнес арасындағы әріптестік студенттерге саланың өзекті талаптарын тереңірек түсінуге, алған білімдерін тәжірибеде қолдануға және кәсіби мансабын сәтті бастауға қажетті құзыреттерді дамытуға мүмкіндік береді.
Байқауға қолдау көрсеткені, практикалық бағыттағы білім беруді дамытуға қосқан үлесі және барлық қатысушыларға ұсынған жағымды сыйлықтары үшін «Carlsberg Kazakhstan» ЖШС компаниясына алғыс білдіреміз!
Байқауды ұйымдастырушылар:
PhD, қауымдастырылған профессор Кекибаева Анара Канбековна және PhD, ассистент-профессор Керимбаева Ажар Адилханкызы.
Қазақстанның сусын индустриясының болашағы – АТУ-да қалыптасуда!




