АТУ QS Sustainability Rankings 2027 халықаралық рейтингінде позициясын нығайтты

Алматы технологиялық университеті (АТУ) QS World University Rankings: Sustainability 2027 халықаралық рейтингіне еніп, 1501+ тобында орын алды. «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы тұрақты даму» көрсеткіші бойынша АТУ әлемде 592-орынды бөлісіп, Қазақстанның үздік үш жоғары оқу орнының қатарына енді.

АТУ 2025 жылғы рейтингте ұсынылған болатын, ал 2027 жылы рейтингке қайта оралып, QS атап өткен 24 қазақстандық жоғары оқу орнының қатарына енді. Азия бойынша университет 850 жоғары оқу орнының ішінде 584-орынды, Қазақстан университеттері арасында 12-орынды бөліседі. QS рейтинг қорытындысы бойынша жариялаған баспасөз релизінде АТУ-ды Нархоз университеті және Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетімен қатар қоршаған ортаны қорғау саласындағы тұрақты даму бойынша көш бастап тұрған қазақстандық жоғары оқу орындарының қатарында атап өтті.

Рейтингті 2026 жылғы 17 қарашада жоғары білім саласындағы QS Quacquarelli Symonds халықаралық талдау агенттігі жариялады. 2027 жылғы рейтингке әлемнің 107 елі мен аумағынан 2003 университет енді, оның 131-і алғаш рет ұсынылды. QS жоғары оқу орындарының тұрақты дамуға қосқан үлесін үш санат бойынша бағалайды: «Қоршаған ортаға әсер» (45 %), «Қоғамдық ықпал» (45 %) және «Басқару моделі» (10 %). АТУ ең жоғары балдарды «Басқару моделі» (63,9), «Тең мүмкіндіктер жасау» (55,2), «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы тұрақты даму» (50,8) және «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы білім беру» (49,5) көрсеткіштері бойынша алды.

АТУ үшін бұл рейтингке қатысудың маңызы ерекше. Университеттің бейіні ресурстарды ұтымды пайдалану, азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасы, биотехнологияларды дамыту, өндірісті экологияландыру, заманауи инженерлік шешімдерді енгізу және тұрақты экономика үшін кадрлар даярлау мәселелерімен тікелей байланысты салаларды қамтиды. Университет тұрақты даму қағидаттарын білім беру бағдарламаларына, ғылыми зерттеулерге және студенттердің практикалық даярлығына жүйелі түрде енгізіп келеді. Экологиялық білім беруге, ресурстарды үнемдейтін технологияларға, жауапты өндіріске, денсаулық пен әл-ауқатқа, тең мүмкіндіктерге, түлектерді жұмысқа орналастыруға және өндірістік серіктестермен өзара іс-қимылға ерекше көңіл бөлінеді.

АТУ-дың ғылыми-білім беру қызметі тамақ және жеңіл өнеркәсіп, биотехнология, химиялық технологиялар, экология, цифрландыру және инженерия салаларындағы қолданбалы міндеттерді шешуге бағытталған. Мұндай пәнаралық тәсіл академиялық білімді нақты сектордың қажеттіліктерімен ұштастыруға және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етуге мүмкіндік береді.

АТУ-дың QS Sustainability Rankings рейтингіне қайта енуі халықаралық ынтымақтастықты, бірлескен зерттеулерді және озық тәжірибе алмасуды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар рейтинг университет саясатын одан әрі жетілдіруге, ашықтықты арттыруға және экологиялық әрі әлеуметтік нәтижелердің өлшенуін қамтамасыз етуге бағдар береді.

АТУ тұрақты даму саласындағы ғылыми жобалар мен білім беру бастамаларын дамытуды, бизнеспен, мемлекеттік құрылымдармен және шетелдік университеттермен әріптестікті нығайтуды, сондай-ақ студенттер мен оқытушылардың экологиялық, әлеуметтік және инновациялық жобаларға қатысуын кеңейтуді жалғастырады.

QS World University Rankings: Sustainability рейтингі университеттердің экологиялық және әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесін бағалайды. Әдіснама тоғыз көрсеткішті қамтиды: қоршаған ортаны қорғау саласындағы тұрақты даму, қоршаған ортаны қорғау саласындағы білім беру, қоршаған ортаны қорғау саласындағы зерттеулер, тең мүмкіндіктер жасау, білім алмасу, білім беру және ғылыми қызметтің әсері, түлектердің жұмысқа орналасуы, денсаулық пен әл-ауқат, сондай-ақ басқару моделі.

QS Sustainability Rankings 2027 рейтингінің толық нәтижелерімен QS ресми сайтында танысуға болады: https://www.topuniversities.com/university-rankings/sustainability-rankings