Халықаралық ынтымақтастық: АТУ-да Өзбекстан жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдарының қонақ дәрістері өтті
АТУ халықаралық академиялық алмасу көкжиегін кеңейтуді жалғастыруда. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында университетімізге серіктес Өзбекстан жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары мен сарапшыларынан құралған делегация келіп, бірқатар қонақ дәрістер өткізді.
Делегация құрамында: т.ғ.д., профессор, Ташкент тоқыма және жеңіл өнеркәсіп институтының «Тігін бұйымдарының технологиясы және цифрлық инжиниринг» кафедрасының профессоры Нигматова Фатима Усмановна, сондай-ақ Ренессанс университетінің «Ақпараттық технологиялар» кафедрасының PhD доценттері Айдаркулова Камила Абдухаликовна, Шарипова Саодат Толкуновна, Махмудова Малохат Ахматовна, Эргашева Нигора Джурахановна болды.
Сапар аясында Дизайн, тоқыма технологиялары және киім факультетінің, Ақпараттық технологиялар факультетінің, сондай-ақ Интеллектуалды және инженерлік жүйелер факультетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері үшін салалық бағыттар бойынша бірқатар дәрістер ұйымдастырылды.Профессор Нигматова Ф.У. жеңіл өнеркәсіп өнімдерін заманауи конструкциялау саласындағы озық тәжірибемен бөлісті. Ал Ренессанс университетінің өкілдері — Айдаркулова К.А., Шарипова С.Т., Махмудова М.А. және Эргашева Н.Д. ақпараттық жүйелерді дамыту және жасанды интеллект технологияларын өндірістік әрі білім беру үдерістеріне енгізудің өзекті мәселелері бойынша дәрістер өткізді.
Халықаралық бірлескен жобалар мен жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық университетіміздің профессорлық-оқытушылық құрамына және студенттеріне халықаралық тәжірибемен танысуға, ғылымдағы өзекті үрдістерді талқылауға және Қазақстан мен Өзбекстанның ғылыми-білім беру мектептері арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.


