АТУ өкілдері Астана қаласында өткен Ет өнімдерінің сапасы жөніндегі халықаралық форумға қатысты

Форум аясында өткен ISO/TC 34/SC 6 «Ет, құс еті, балық, жұмыртқа және олардан жасалған өнімдер» пленарлық отырысында №67 «Тағам өнімдерінің технологиясы, сапасы және қауіпсіздігі» стандарттау жөніндегі техникалық комитетінің төрағасы, Қазақстанның ISO халықаралық техникалық комитеттеріндегі өкілі және ISO/TC 34 бірқатар кіші комитеттерінің толыққанды мүшесі, техника ғылымдарының докторы, профессор, «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі және сапасы» кафедрасының меңгерушісі Уажанова Раушан Улангазиевна «The Future of Meat Standardization: From Laboratory Testing to Intelligent Quality and Safety Assessment» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндамада ет өнімдерін стандарттаудың болашағына қатысты жаңа көзқарас ұсынылып, дәстүрлі зертханалық бақылаудан сапа мен қауіпсіздікті интеллектуалды бағалаудың интеграцияланған жүйесіне көшу мәселесі қарастырылды.
LC-MS/MS, ICP-MS, PCR, NIR/FTIR заманауи аналитикалық технологияларын, цифрлық қадағаланымдылық пен жасанды интеллектті бірыңғай шешім қабылдау жүйесіне біріктіруге ерекше назар аударылды. Баяндама кәсіби ортада жоғары бағаланып, халықаралық стандарттарды дамыту, сынақ әдістері мен зертханалық базаны жетілдіру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды.
Форум жұмысына Қытай, Үндістан, Жапония, Кения, Малайзия, Мозамбик, Ресей, Швеция, Танзания және Уганда мамандары қатысып, іс-шараға кең халықаралық ауқым берді.
Форум қорытындысы бойынша Қазақстан жылқы етінен дайындалатын өнімдерге, соның ішінде дәстүрлі қазы, шұжық, жал және жая өнімдеріне арналған алғашқы халықаралық ISO стандартын әзірлеу бастамасын ұсынды.
Форумға қатысу Қазақстанның ғылыми көзқарасын халықаралық деңгейде таныстыруға, отандық идеялармен бөлісуге және ет өнімдерінің сапасы, қауіпсіздігі мен стандартталуының болашағы жөніндегі кәсіби халықаралық диалогқа үлес қосуға мүмкіндік берді.
Ет өнімдерінің сапасы жөніндегі халықаралық форум ғылым, заманауи технологиялар және болашақ стандарттар саласындағы халықаралық тәжірибе алмасудың маңызды алаңдарының біріне айналды.