АТУ ҚХР-дың жетекші жоғары оқу орындарымен стратегиялық серіктестікті кеңейтіп, нығайтуда

АТУ-ға Қытайдың ең ірі әрі көне университеттерінің бірі — Jiangsu University ресми делегациясы сапармен келді. Аталған университет ҚХР-дың академиялық көшбасшыларының қатарында және бүгінде онда 40 000-нан астам студент білім алуда.

Jiangsu University делегациясының құрамында Шетел тілдері мектебінің деканы, профессор Peng Wu және Шетелдік білім беру әкімшілік офисінің директоры Wu Wenhao болды.

Қытайлық жоғары оқу орны өкілдерінің сапарының негізгі мақсаты — Қазақстандағы сенімді серіктес ретінде университетіміздің әлеуетімен танысу болды. Сапар аясында АТУ Басшылығымен кездесу өтіп, тараптар Өзара түсіністік туралы меморандум жобасын талқылап, ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындады.

Jiangsu University делегациясы үшін университет бойынша экскурсия ұйымдастырылып, қонақтар факультеттердің білім беру және ғылыми базасымен, оқу аудиторияларымен, зертханаларымен және ғылыми орталықтарымен танысты. Экскурсия барысында қытайлық университет өкілдері студенттерімізбен әңгімелесіп, олардың дайындығының жоғары деңгейін және қолданбалы зерттеулер жүргізуге жасалған жағдайларды ерекше атап өтті.

Алғашқы сапар қорытындысы бойынша ынтымақтастықтың ауқымды форматтары талқыланып, жоспарланды. Атап айтқанда:

  • қос диплом бағдарламалары — бакалавриат пен магистратураға арналған бірлескен бағдарламалар құру;
  • академиялық алмасулар — студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту;
  • докторантура — бірлескен ғылыми-зерттеу бастамаларын жүзеге асыру.

Бұл сапар Қазақстан мен Қытайдың жоғары оқу орындары арасындағы байланысты нығайтып, халықаралық білім беру стандарттарын қалыптастыруға берік негіз қалады.