АТУ халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде: Tongmyong University-мен (Пусан қ., Оңтүстік Корея) қос дипломды білім беру туралы келісімге қол қойылды
АТУ халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде. АТУ делегациясының Оңтүстік Кореяға сапары барысында жетекші жоғары оқу орындарының бірі - Tongmyong University (Пусан қ., Оңтүстік Корея) университетімен K-Beauty саласында қос дипломды оқыту туралы келісімге қол қойылды.
«Орталық Азия - Корея» бірінші саммиті және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Корея Республикасына ресми сапары (2026 жылғы 16-17 қыркүйек) аясында АТУ халықаралық білім беру саласында маңызды келісімдерге қол жеткізді.
Біздің университет Tongmyong University-мен «Парфюмерлік-косметикалық өнімдер технологиясы» (K-Beauty) бағыты бойынша бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламасын әзірлеу туралы келісімге қол қойды. Оқыту моделі: «2+2» схемасы бойынша - алғашқы 2 жыл студенттер Қазақстанда АТУ базасында білім алады, ал 3 және 4-курстарды Tongmyong University-де оқиды.
Тек АТУ студенттері үшін серіктес университет Оңтүстік Кореяда оқу ақысына эксклюзивті жеңілдік ұсынды. Бағдарлама түлектері екі диплом - АТУ және TU (Tongmyong University) дипломдарын алады.
Салтанатты қол қою рәсімі Сеул қаласында Қазақстан-Корея дөңгелек үстелі алаңында өтті. Бастама Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми қолдауымен жүзеге асырылды.
АТУ мен TU арасында қос дипломды бағдарламаны іске асыру жөніндегі қол қойылған Келісім туралы меморандум Қазақстан Республикасының Президенті мен ресми тұлғалар делегациясының мемлекеттік сапары аясында дайындалған келісімдер тізіміне енгізілді.
Аталған құжатқа қол қою АТУ студенттеріне әлемдік Beauty сегментіндегі жетекші елдердің бірі - Оңтүстік Кореяда озық халықаралық білім алуға және практикалық тәжірибе жинақтауға бірегей мүмкіндіктер ашады.



