АТУ ғалымы мереке қарсаңында марапатталды
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында отандық әйел ғалымдарға арналған академик Найля Базанова атындағы марапат қазақстандық ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Мария Калабаевна Алимардановаға табысталды.
Мария Калабаевна Алимарданова – тағам және қайта өңдеу өнеркәсібі саласындағы көрнекті ғалым, жоғары білікті маман және тәжірибелі педагог. Ол көптеген жылдар бойы жас ғалымдар мен мамандарды даярлауға, ғылым мен білімді дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Ғалымның ғылыми еңбектері тағам технологиясы, тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ азық-түлік өндірісінің инновациялық технологияларын дамыту мәселелеріне арналған.
Салтанатты іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырды.
Атаулы іс-шараға 400-ге жуық отандық ғылымды дамытуға айрықша үлес қосқан жетекші әйел-ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, оқытушылар мен жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдардың басшылары қатысты.
Ұлттық ғылым академиясының мәліметінше, Қазақстанда ғылыммен айналысып жүрген зерттеуші мамандар арасындағы әйелдер саны 12 мыңға жуық. Бұл жалпы ғалымдар санының 56 пайызын құрайды.







