Алматы технологиялық университетінің ғылыми бағыттары Еуразиялық алаңда

АТУ «Тағам өнімдерінің технологиясы» кафедрасының меңгерушісі, профессор, техника ғылымдарының докторы, «Агроөнеркәсіптік кешенді орнықты дамыту» басымдығы бойынша Ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі, Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтының Үйлестіру кеңесінің мүшесі Таева Айгуль Маратовна 2025 жылғы 16 желтоқсанда Ресей Федерациясының Воронеж қаласында өткен Еуразиялық технологиялық платформаның «Агроөнеркәсіптік кешеннің тағам және қайта өңдеу өнеркәсібі технологиялары – салауатты тамақтану өнімдері» тақырыбындағы Үйлестіру кеңесінің отырысында «АТУ ғылыми бағыттары туралы» баяндамамен сөз сөйледі.

Ғылым, білім, бизнес және басқару органдары өкілдерін біріктіру агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа моделін қалыптастыру жағдайында ерекше маңызды болып отыр. Бұл модель өндіріс көлемінің өсуіне ғана емес, сонымен қатар тағам өнімдерінің сапасына, қауіпсіздігіне және функционалдық бағыттылығына басымдық беруге негізделген.

Халықтың тамақтану құрылымының өзгеруі, алиментарлық тәуелді аурулардың көбеюі, ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу қажеттілігі және оның қосылған құнын арттыру сияқты жаһандық сын-қатерлер аясында салауатты тамақтану технологияларын әзірлеу және енгізу мәселелері ерекше өзектілікке ие болуда. Осы тұрғыда Еуразиялық технологиялық платформа ғылыми әлеуетті шоғырландыру, үздік тәжірибелермен алмасу және келісілген технологиялық шешімдерді қалыптастыру үшін маңызды алаң болып табылады.

Отырыс барысында тағам өнімдерінің ғылыми негізделген технологияларын дамытуға, мемлекетаралық және салааралық өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ ғылыми зерттеулер нәтижелерін өнеркәсіпте кеңінен практикалық іске асыруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірленді.