Алматы технологиялық университеті QS World University Rankings 2027 рейтингіндегі орнын жақсартты

Алматы технологиялық университеті (АТУ) жоғары білім беру саласындағы ең беделді әлемдік рейтингтердің бірі – QS World University Rankings 2027 рейтингіндегі өз орнын нығайтты. Рейтингтің жаңа шығарылымының қорытындысы бойынша университет әлем бойынша 1115-орыннан 1049-орынға көтеріліп, өз нәтижесін бірден 66 орынға жақсартты.

 

2027 жылғы әлемнің үздік университеттері рейтингі – QS World University Rankings 2027: Қазақстан жоғары оқу орындарының нәтижелері

 

Елдегі орны

Әлемдегі орны

Жоғары оқу орны

1

177

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

2

338

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

3

351

Satbayev University

4

634

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

5=

781–790

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті

5=

781–790

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті

7

851–900

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

8

951–1000

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті

9=

1001–1200

Алматы технологиялық университеті

9=

1001–1200

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті

9=

1001–1200

С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті

9=

1001–1200

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті

9=

1001–1200

Нархоз университеті

14=

1201–1400

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті

14=

1201–1400

Қазақстан-Британ техникалық университеті

16=

1401+

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті

16=

1401+

Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті

16=

1401+

Торайғыров университеті

Дереккөз: QS Quacquarelli Symonds, 2004–2026, TopUniversities.com

Айтарлықтай ілгерілеу АТУ-ға ұлттық деңгейдегі көрсеткіштерін де жақсартуға мүмкіндік берді. Қазақстан жоғары оқу орындары арасында университет 10-орыннан 9-орынға көтеріліп, елдің жетекші жоғары оқу орындарының бірі ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте растады.

Жыл сайын халықаралық QS Quacquarelli Symonds агенттігі жариялайтын QS World University Rankings рейтингі жоғары білім беру сапасын бағалаудың әлемдегі ең ықпалды құралдарының бірі болып саналады. Рейтингтің 2027 жылғы шығарылымында әлемнің 106 елінен 1500-ден астам университет қамтылды.

АТУ нәтижелерінің жақсаруы білім беру сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту, кадрлық әлеуетті нығайту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі болды.

Университет рейтингтің бірқатар негізгі көрсеткіштері бойынша айтарлықтай өсім көрсетті. Faculty Student Ratio (оқытушылар мен студенттер арақатынасы) индикаторы бойынша АТУ әлемде 86-орыннан 71-орынға көтеріліп, нәтижесін 15 позицияға жақсартты. Бұл көрсеткіш білім беру үдерісінің академиялық қамтамасыз етілу деңгейін және оқытушылар мен студенттер арасындағы өзара іс-қимыл сапасын көрсетеді.

Сондай-ақ International Faculty (халықаралық профессор-оқытушылар құрамы) көрсеткіші бойынша да елеулі өсім тіркелді: университет бірден 104 позицияға жоғарылап, әлемде 509-орынды иеленді. Бұл АТУ-дың шетелдік мамандар үшін тартымдылығының артып келе жатқанын және халықаралық академиялық ортаның дамып отырғанын көрсетеді.

Университет International Students (шетелдік студенттердің үлесі) көрсеткіші бойынша да жоғары нәтижелерін сақтап, әлемде 515-орынды иеленді. Бүгінде АТУ студенттік ортаны интернационалдандыру деңгейі бойынша Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының қатарына кіреді және түрлі елдер мен мәдениеттердің өкілдеріне білім алуға қолайлы жағдай жасап келеді.

Алматы технологиялық университеті заманауи білім беру бағдарламаларын, ғылыми зерттеулерді және халықаралық әріптестікті дамыта отырып, халықаралық білім беру кеңістігіндегі өз орнын жүйелі түрде нығайтып келеді. Бұл жаһандық экономика жағдайында сұранысқа ие мамандар даярлауға мүмкіндік береді.