Алматы технологиялық университеті IAAR рейтингі бойынша Қазақстанның үздік 4 жоғары оқу орнының қатарына алғаш рет енді

Алматы технологиялық университеті (АТУ) Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігі (IAAR) жүргізетін Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының сұранысқа ие болу деңгейінің тәуелсіз рейтингі – 2026 қорытындысы бойынша жаңа тарихи нәтижеге қол жеткізді.

Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының ТОП-20 Бас рейтингісінің қорытындысы бойынша АТУ алғаш рет 5-орыннан 4-орынға көтеріліп, алдыңғы жылдардағы көрсеткіштерін жақсартты және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі мәртебесін тағы бір мәрте растады.

Ұлттық рейтингтегі бұл елеулі жетістік университеттің білім беру сапасын арттыру, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және жұмыс берушілермен байланысты нығайту бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі болып табылады.

АТУ-дың жоғары көрсеткіші білім беру бағдарламалары топтарының рейтингіндегі нәтижелермен де дәлелденеді. 2026 жылы IAAR рейтингіне университеттің бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлері бойынша 43 білім беру бағдарламалары тобы қатысты, оның ішінде:

  • 23 білім беру бағдарламалары тобы Қазақстан Республикасы бойынша 1-орынға ие болды;
  • 39 білім беру бағдарламалары тобы ұлттық рейтингтің ТОП-3 қатарына енді;
  • университеттің білім беру бағдарламалары топтарының 90,7%-ы рейтинг көшбасшыларының қатарынан орын алды.

Әсіресе жоғары нәтижелер жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру деңгейінде байқалды.

Магистратураның барлық 16 білім беру бағдарламалары тобы ТОП-3 қатарына енді, олардың 12-сі 1-орынды иеленді.

Докторантураның барлық 9 білім беру бағдарламалары тобы ТОП-3 қатарына кірді, олардың 6-уы ұлттық рейтингтің көшбасшысы атанды.

Бакалавриат деңгейінде 18 білім беру бағдарламалары тобының 14-і ТОП-3 қатарына енсе, олардың 5-і өз бағыттары бойынша 1-орынға ие болды.

Қол жеткізілген нәтижелер мамандар даярлау сапасының жоғары деңгейін, түлектердің еңбек нарығындағы сұранысын және университеттің білім беру бағыттарының ұлттық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.

Ең жоғары нәтижелер тағам өнімдерін өндіру, тоқыма және жеңіл өнеркәсіп, химиялық инженерия, механика және металл өңдеу, стандарттау және метрология, мейрамхана ісі мен қонақ үй бизнесі, сондай-ақ бизнес, менеджмент, туризм және ақпараттық технологиялар салаларындағы білім беру бағдарламалары бойынша көрсетілді.

Қазақстан жоғары оқу орындарының Бас рейтингінде 4-орынға көтерілу және білім беру бағдарламалары топтарының жоғары нәтижелері АТУ-дағы білім беру сапасының ұлттық деңгейде мойындалғанын, түлектердің жоғары сұранысқа ие екенін және университеттің даму стратегиясының тиімді жүзеге асырылып жатқанын дәлелдейді.

Рейтинг нәтижелері туралы толық ақпаратпен келесі сілтеме арқылы таныса аласыз: https://iaar.agency/rating/1/0/2026