Университетте оқытушыларға заманауи білім беру құралдары мен арнайы және инклюзивті білім беруге арналған мастер-класс өтті
«Жас оқытушы мектебі» жобасы аясында, әдістемелік мәдениетті дамыту және білім беру процесінің сапасын арттыру мақсатында университетте «Mentimeter және Kahoot: студенттерді оқыту процесіне тартудың интерактивті құралдары» және «Ерекше білім беруді қажет ететін білім алушыларға жоғары оқу орындарында психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету» тақырыптарында мастер-класс өткізілді.
Іс-шара жас оқытушылардың цифрлық білім беру құралдарын қолдануы мен жоғары оқу орнында инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы кәсіби құзыреттіліктерін кеңейтуге бағытталды.
Мастер-класс барысында қатысушылар студенттердің белсенділігін арттыруға, кері байланысты жандандыруға, аудиториялық және онлайн форматта интерактивті сауалнамалар, викториналар мен пікірталастар ұйымдастыруға ыңғайлы Mentimeter және Kahoot платформаларының мүмкіндіктерімен танысты. Аталған құралдарды әртүрлі форматтағы оқу сабақтарында қолданудың практикалық мысалдарына ерекше назар аударылды.
Іс-шараның екінші бөлімі ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу мәселелеріне арналды. Жоғары оқу орындарында ерекше білім беруді қажет ететін студенттерге қолдау көрсетуді ұйымдастырудың негізгі тәсілдері, қолжетімді, әрі қолдаушы білім беру ортасын қалыптастырудағы оқытушының рөлі, сондай-ақ сүйемелдеу қызметтерімен тиімді өзара әрекеттесу қағидаттары қарастырылды.
Мастер-класс практикалық бағытта өтті және нақты педагогикалық жағдайларды талқылаумен, тәжірибе алмасумен, ұсынылған тәсілдерді білім беру процесіне енгізу бойынша ұсынымдармен толықтырылды.
Осындай іс-шараларды өткізу заманауи білім беру технологияларын енгізуге, тәжірибелерді дамытуға және университет оқытушыларының кәсіби шеберлігін арттыруға ықпал етеді.





