Қазақстан халқы аңсай күткен - АТА ЗАҢ

АТУ Биотехнология және химиялық технологиялар факультетінің деканы, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор А. Матибаеваның «Қазақстан халқы аңсай күткен – Ата Заң» атты ғылыми мақаласы республикалық құқықтық, ғылыми-практикалық «Заң» журналында (№3, 2026) жарияланды .

Мақалада Қазақстан Республикасының конституциялық дамуының өзекті мәселелері, құқықтық мемлекетті нығайтудағы Ата Заңның маңызы және қоғамдағы тұрақтылық пен әділеттілікті қамтамасыз етудегі рөлі қарастырылған. Толық мақала:

Дүние жүзінің саяси жағдайы сағат сайын мың құбылған, мына айнымалы-төкпелі заманда, Президентіміздің көреген саясатының, алдын болжағыш стратегиялық бастамасының арқасында, дүниеге келген жаңа Ата Заңымыздың жоспарымен таныса келе және ондағы жазылған заң мәтіндерінен - адам мен әлеумет мүддесін, мұрат-мұқтаждарын бәрінен жоғары қоятынымен қатар, оның қамы үшін мемлекеттік билік жүйесін жетілдіріп, пәрменін одан әрі арттыра түсумен ерекшеленетінін толық аңғаруға болады.

Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде туындады. Президент бұл идеяны 2025 жылғы 08 қыркүйекте халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауында жариялап, оның мақсаты саяси жүйені кешенді түрде жаңғырту және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының одан арғы үдерісіне оң ықпал ету екенін атап өткен болатын.

2025 жылғы 08 қазанда Президент  Парламенттік реформа бойынша жұмыс тобын құру туралы Өкімге қол қойды. Оның құрамына белгілі заңгерлер, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар фракцияларының өкілдері кірді.

2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында, Мемлекет басшысы Парламент реформасына қатысты азаматтардан түскен ұсыныстарды қорытындылап, алдағы өзгерістердің жалпы тұжырымдамасын ұсынды.

Ағымдағы жылдың 31-ші қаңтарында, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстанның жаңа Ата Заңының жобасын қоғам талқысы үшін жариялады.

Қоғамдық талқылау аясында, Комиссияға eGov және e-Otinish порталдары арқылы азаматтардан шамамен 10 мың пікір мен ұсыныс түсті. Осындай ауқымды азаматтық қатысу жаңа Конституцияға шын мәнінде халықтық сипат берді.

Бірнеше ай бойы қоғамда жаңа реформаға қатысты қызу пікірталас жүрді. Осы кезең аралығында жұмыс тобы азаматтар мен сарапшылардан түскен 2 мыңнан аса ұсынысты жан-жақты қарастырып, бір жүйеге келтірді.

Сонымен қатар, түрлі саяси және қоғамдық алаңдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен ашық талқылаулар өтті.

Барлық бастамалар мен азаматтардың мазмұнды ұсыныстары жүйелі түрде қаралып, талданды. Олар Ата Заңның соңғы мәтінінде тікелей көрініс тапты. Ұсыныстарды қарау қорытындысы бойынша, Конституциялық комиссия мүшелері жаңа Конституция жобасына қосымша баптар, редакциялық және стилистикалық түзетулер енгізді.

Осылайша, жаңа Конституция жобасы ашық қоғамдық талқылаулардың, азаматтар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар және сарапшылық қауымдастық ұсыныстарын жан-жақты талдаудың нәтижесінде пайда болды.

Жаңа Конституция мәтіні Қазақстан мемлекеттігінің жетілгенін, елдің халықаралық беделін және прогрессивті даму стратегиялық бағытын көрсетеді. Сонымен бірге, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында маңызды рөл атқарған қолданыстағы Ата Заңмен сабақтастықты сақтайды.

Комиссия мүшелерінің айтуынша, Конституцияның 77 бабы өзгеріске ұшыраған. Нәтижесінде қазіргі қолданыстағы Ата Заң 9 бөлім, 99 баптан тұратын болса, оның жаңа жобасында 11 бөлім, 95 бап бар. Құжатта бөлім саны артқанымен, бап санының азаюына Мәжіліс пен Сенаттан тұратын парламенттің орнына бір палаталы Құрылтайды енгізуге байланысты баптардың, сондай-ақ қорытынды ережелер баптарының қысқаруы негіз болды. 

Ал жаңадан қосылған екі бөлім "Қазақстан Халық Кеңесі" және "Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу" деп аталған. 

Жалпы алғанда, жаңа Конституцияның мазмұны адамға бағдарланған. Ол заманауи қоғамдық құндылықтарды, мемлекеттік қағидаттарды көрсетеді және саяси институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған. Жаңа Конституция мәтінінің негізгі ерекшелігі – адам құқықтарына басымдық берілуінде. Атап айтқанда, адамның құқықтары мен бостандықтары тек жаңа Преамбулада ғана емес, сонымен бірге толықтай Конституцияның маңызды басымдықтары мен мәндік тірегіне айналды.

Преамбулада бірлік, татулық және этносаралық келісім мемлекеттіліктің негізі ретінде бекітілген.

Негізгі мызғымас құндылықтарға Қазақстанның Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы және аумақтық тұтастығы жатады.

Конституциялық деңгейде Әділетті Қазақстан идеясы, Заң мен Тәртіп қағидаты, табиғатқа қамқорлық көрсету қажеттілігі, сондай-ақ жаңа Конституцияда биліктің бірден-бір бастауы және Егемендіктің иесі – Қазақстан халқы екені бекітілді.

Жаңа Конституция жобасында алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасы бекітілді. Сондай-ақ, адвокатура мен адвокаттық қызметке арналған арнайы бап енгізілді.

Адам капиталының, білім, ғылым, мәдениет пен инновацияның дамуына ерекше көңіл бөлінді. Бұл – мемлекет болашағының минералдық ресурстар мен табиғи байлықтарға емес, адам капиталы мен азаматтардың жетістіктеріне байланысты екенін көрсететін шешуші бағыт.

Дін мен мемлекеттің рөлі айқын бөлінген. Білім беру және тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты бекітілген.

Неке ерікті және тең құқықты ер мен әйелдің одағы екені туралы норма енгізілген. Бұл дәстүрлі құндылықтарды қорғауды күшейтіп, әйелдердің құқықтарын жоғары құқықтық деңгейде қамтамасыз етеді.

Конституциялық деңгейде ұлттық мәдениетті қолдау және тарихи-мәдени мұраны сақтау негізгі қағидаттардың бірі ретінде бекітілді.

Жаңа Конституцияның орталық жаңалығы – 145 депутаттан құралатын Парламенттің бір палаталы Құрылтайға айналуы. Оның өкілеттіктері, заң шығару бастамасы, қарау және қабылдау рәсімдері бөлек бөлімде нақты көрсетілген. Парламенттің алдында үкіметтің жауапкершілігі мен есеп беру механизмдері күшейтілді. Халық Кеңесі халық мүддесін білдіретін, қоғамдық күн тәртібін қалыптастыратын ең жоғары консультативтік орган ретінде конституциялық мәртебе алды. Толық пропорционалды жүйеге көшу – маңызды жаңалық.

Сайлау тек партиялық тізімдер бойынша өткізіледі. Бұл халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және партиялардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін арттырады. Бұрынғы бір мандатты кандидаттар енді праймериз және бәсекелес іріктеуден өтеді, бұл саясатқа кәсіби және ынталы кандидаттардың келуін қамтамасыз етеді.

Жобадағы жаңалықтардың бірі – Вице-Президент институтын және жаңа ұлттық диалог алаңы – Қазақстан Халық Кеңесін құру.

Жалпы, жаңа Конституцияның ережелері мемлекетіміздің институционалдық негізін трансформациялау процесінің аяқталуын және мүлдем жаңа конституциялық үлгіге көшуді көздейді.

Жаңа Ата заң жобасы тек заманауи қоғамдық құндылықтар мен мемлекеттік саясат қағидаттарын көрсетіп қана қоймай, еліміздің алдағы ілгері дамуы үшін ұзақ мерзімді негіздерін қалайды.

Барша халқымыз құлағдар болғандай, яғни 2026 жылғы 11 ақпан айының 11-ші жұлдызында, Қазақстан Республикасының Президенті еліміздің жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша, 2026 жылғы 15 наурызға республикалық референдум тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Еліміздің барша азаматтарымен бірге, жетпіс жылға жуық тарихы бар біздің Алматы технологиялық университетінің оқытушылар мен профессорлар құрамы, сондай-ақ студенттері де өздерінің пікірлері мен ұсыныстарын жолдап, талқылауға белсенді қатысқандарын да ерекше атап өтсем артық болмас.

Конституцияның 3-бабының 2-тармағындағы: «Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды» -  деген заң мәтіндерін біздің университтің оқытушылары мен студенттері өте қуана қабылдады.

Заңгер болмасам да, Ата Заңдағы әр бір баптың, тайға таңба басқандай,   халықтың көкейінде жүрген көптеген сұрақтарына, көкейтесті мәселелеріне  айқын да, әділ де, түсінікті тілде жауап берілгеніне жеке өзім куә болдым.

Құрметпен: Алматы технологиялық университетінің Биотехнология және химиялық технологиялар факультетінің деканы, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор А.И. Матибаева