Қайырымдылық мәдениетін қалыптастыратын жандар марапатталды

Алматы технологиялық университеті Ғылыми кеңесінің отырысында университеттің қызметкерлері мен профессор-оқытушылар құрамына «Эндаумент АТУ» корпоративтік қорының «Қайырымдылық жасаушы» және «Меценат» сертификаттары табысталды.
Сонымен қатар, қордың бастамаларын жүзеге асыруға, іс-шараларын ұйымдастыруға және оның қызметін дамытуға белсенді үлес қосқан қызметкерлерге Корпоративтік қордың Алғыс хаттары табыс етілді.
«Эндаумент АТУ» корпоративтік қоры университетте қайырымдылық пен университеттік меценаттық мәдениетін дамыту мақсатында қорды қолдаушыларды марапаттау жүйесін енгізді.
Марапаттау кезінде тек жеке қаржылай қолдау ғана емес, сонымен қатар студенттерді, түлектерді және университет серіктестерін қайырымдылық бастамаларына тартудағы белсенділігі де ескерілді.
Биыл қорда келесі марапат санаттары бекітілді:
«Қайырымдылық жасаушы» сертификаты – 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейінгі қолдау көрсеткен тұлғаларға;
 «Меценат» сертификаты – 300 мыңнан 1 миллион теңгеге дейінгі қолдау көрсеткен тұлғаларға.
«Эндаумент АТУ» корпоративтік қорының қызметіне қолдау көрсетіп, университеттің дамуына өз үлесін қосып жүрген әріптестерімізге шынайы алғысымызды білдіреміз.
Осындай бастамалардың арқасында білім беру саласындағы қайырымдылық мәдениеті қалыптасып, университеттің тұрақты дамуына берік негіз қаланады.
Марапат иелерін шын жүректен құттықтаймыз және жаңа жетістіктер мен табысты жобалар тілейміз!