АТУ-дың QS Asia University Rankings 2027-дегі жаңа нәтижесі: 27 орынға көтерілу
QS Asia University Rankings 2027 қорытындысы бойынша Алматы технологиялық университеті 425-орыннан 398-орынға көтеріліп, алдыңғы рейтинг шығарылымымен салыстырғанда өз нәтижесін 27 позицияға жақсартты.
Университет субөңірлік деңгейде де жоғары нәтиже көрсетті: АТУ Орталық Азия университеттері арасында 25-орынды иеленді. Бұл университет позициясының нығайып, өңірдің білім беру кеңістігіндегі танымалдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
QS Asia University Rankings – жоғары оқу орындарын бағалайтын ең беделді өңірлік рейтингтердің бірі. Рейтингті қалыптастыру барысында университеттердің академиялық беделі, жұмыс берушілер арасындағы беделі, оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы, ғылыми жарияланымдар мен олардың дәйексөз алу көрсеткіші, халықаралық ғылыми-зерттеу желісі, ғылыми дәрежесі бар оқытушылардың үлесі, сондай-ақ интернационалдандыру деңгейі бағаланады.
АТУ-дың рейтингтегі ілгерілеуі университеттің білім беру сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды нығайту бағытындағы жүйелі жұмысын көрсетеді. Университет білім беру бағдарламаларын жетілдіруге, зерттеу қызметін қолдауға және халықаралық академиялық ортаны дамытуға ерекше көңіл бөледі.
Қол жеткізілген нәтижелер университеттің профессор-оқытушылар құрамы, ғалымдары, қызметкерлері мен білім алушыларының бірлескен жұмысының нәтижесі болды.
Алматы технологиялық университеті алдағы уақытта да ғылыми және білім беру әлеуетін дамытып, халықаралық серіктестіктерін кеңейтіп, Азия мен Орталық Азияның білім беру кеңістігіндегі позициясын нығайта береді.
Алматы технологиялық университетінің ұжымын — оқытушыларды, ғалымдарды, қызметкерлер мен білім алушыларды — осы маңызды жетістікпен құттықтаймыз! Университетке одан әрі даму, жаңа табыстар және халықаралық рейтингтерде сенімді ілгерілеу тілейміз!