АТУ делегациясы QS EduData Summit 2026 халықаралық саммитіне қатысты

Алматы технологиялық университетінің делегациясы Сингапурда өткен QS EduData Summit 2026 халықаралық саммитіне қатысты. Іс-шара жоғары оқу орындарының басшыларын, деректерді талдау саласының сарапшыларын, білім беруді цифрлық трансформациялау мамандарын және халықаралық білім беру ұйымдарының өкілдерін біріктірді.
QS EduData Summit жоғары білім беру саласында деректерді, жасанды интеллектті және цифрлық технологияларды қолдануға арналған жетекші халықаралық алаңдардың бірі болып табылады. Саммит барысында деректерді басқару, білім беру қызметтерінің сапасын арттыру, аналитикалық құралдарды дамыту және университеттердің бәсекеге қабілеттілігін күшейту мәселелері талқыланды.
АТУ өкілдері университеттердің цифрлық трансформациясы, жасанды интеллектті қолдану, халықаралық рейтингтер және білім беру қызметінің тиімділігін бағалау мәселелеріне арналған пленарлық отырыстарға, панельдік пікірталастарға және сарапшылық сессияларға қатысты.
Делегация әлемнің жетекші университеттері мен білім беру аналитикасы саласындағы мамандармен тәжірибе алмасуға ерекше көңіл бөлді. Саммитке қатысу халықаралық озық тәжірибемен танысуға, кәсіби байланыстарды кеңейтуге және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.
АТУ цифрлық трансформация және интернационалдандыру стратегиясын жүйелі түрде жүзеге асырып, заманауи технологияларды білім беру үдерісі мен университетті басқару жүйесіне енгізуде. Саммит барысында алынған білім мен жаңа серіктестік байланыстар білім сапасын арттыруға, инновациялық ортаны дамытуға және университеттің халықаралық академиялық кеңістіктегі позициясын нығайтуға ықпал етеді.