АТУ-да тамақ өнеркәсібі үшін кадрлар даярлаудың болашағы талқыланды

«ТАМАҚ ӨНДІРІСІН ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҢҒЫРТУ ЖАҒДАЙЫНДА ТҮЛЕКТЕРДІҢ КӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН ТРАНСФОРМАЦИЯЛАУ»  ФОРСАЙТЫ 

Алматы технологиялық университетінде цифрландыру, технологиялық интеграция және заманауи тағам технологияларын дамыту жағдайында тамақ өнеркәсібі үшін кадрлар даярлау жүйесін трансформациялауға арналған Форсайт-сессия өтті.
Сессия жұмысына академиялық қауымдастық өкілдері, салалық қауымдастықтар, тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары, мемлекеттік органдар және шетелдік сарапшылар қатысты.
Талқылау барысында:
– тағам индустриясын дамытудың заманауи сын-қатерлері мен трендтері;
– мамандардың кәсіби құзыреттерін трансформациялау;
– өндірістік процестерді цифрландыру және AI-технологияларды қолдану;
– тәжірибеге бағытталған және дуалды оқытуды дамыту;
– «Тағам өнімдерін өндіру» бағыты бойынша білім беру бағдарламаларын жаңарту мәселелері қарастырылды.
Қатысушылар ғылым, білім және өндіріс интеграциясы, кадр даярлаудың жаңа модельдерін қалыптастыру, сондай-ақ өңірлік мамандықтар Атласы мен салалық білім беруді дамыту жол картасына ұсыныстар әзірлеу мәселелеріне ерекше назар аударды.
Форсайт-сессия тағам индустриясының болашағы мен жаңа буын мамандарын даярлау мәселелерін талқылауға арналған ашық сараптамалық алаңға айналды.
Форсайт-сессия аясында отандық және шетелдік жетекші сарапшылардың, мемлекеттік органдар, академиялық қауымдастық және индустриялық серіктестер өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыс және сараптамалық топтардың жұмысы өтті.
Құттықтау және сараптамалық баяндамалармен:
• Нұрахметов Бауыржан Құмарғалиұлы — ОӘБ РОӘК төрағасының орынбасары, «АТУ» АҚ Бірінші проректоры тамақ өндірістерін цифрландыру және технологиялық жаңғырту жағдайында түлектердің кәсіби құзыреттерін трансформациялау мәселелері бойынша;
• Рамазанова Карлыгаш Айтбаевна — Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары тамақ өнеркәсібі саласы үшін кадрлар даярлаудың академиялық саясаты мәселелері бойынша;
• Зейілбек Мұхаммедали Талғатұлы — Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің ғылыми жобалар мен бағдарламалар басқармасының басшысы тамақ өнеркәсібі саласындағы ғылыми-зерттеу қызметін қолдау мәселелері бойынша;
• Эммануель Эсса (Emmanuel Essah) — Рединг университетінің құрылыс, менеджмент және инженерия мектебінің деканы, қауымдастырылған профессор (Ұлыбритания) цифрлық құзыреттер, жасыл технологиялар және тұрақты жүйелер мәселелеріне арналған баяндамамен;
• Мясникова Елена Николаевна — Г.В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық университетінің тағам технологиялары және биоинженерия кафедрасының доценті (Ресей) желілік білім беру бағдарламаларының болашақтың тамақ индустриясы үшін кадрлар даярлау тетігі ретіндегі рөлі туралы;
• Наурзгалиева Айжан Абакановна — «Қазақстандық қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының» президенті қант және тамақ өнеркәсібі үшін жаңа буын кадрларын қалыптастыру мәселелері бойынша сөз сөйледі.
Сараптамалық топтардың жұмысы аясында:
• Амирханов Бауыржан Сайдашович — BR24992975 «Жасанды интеллект және IIoT технологияларын қолдана отырып, тамақ өнеркәсібі кәсіпорнының цифрлық егізін әзірлеу» жобасының орындаушысы, «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КеАҚ цифрлық егіздерді құруға арналған қазақстандық платформаны таныстырып, оны енгізу және пайдалану тәжірибесімен бөлісті;
• Адилжанова Салтанат Альмуханбетовна — «АТУ» АҚ «Компьютерлік инженерия» кафедрасының меңгерушісі, PhD, қауымдастырылған профессор тамақ өнеркәсібіндегі Индустрия 4.0, IoT және цифрлық егіздер негізінде болашақ мамандардың құзыреттер моделін трансформациялау мәселелері бойынша баяндама жасады;
• Елубаева Айгуль Хайрулловна — «КазБАД» ЖШС сапа жөніндегі директоры функционалды тағам өнімдері мен биологиялық белсенді қоспалар индустриясына арналған түлектердің заманауи құзыреттері туралы;
• Таева Айгуль Маратовна — «Азық-түлік өнімдері технологиясы» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы, профессор «Азық-түлік өнімдерін өндіру» тобы бойынша білім беру бағдарламаларының заманауи мазмұны, олардың ағымдағы жағдайы мен трансформация бағыттары туралы;
• Сабралиева Марина Дуйсенгалиевна — «Қазақстанның тамақ кәсіпорындары одағы» ЗТБ атқарушы директоры тәжірибеге бағытталған білім беру және индустриялық әріптестіктің тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі үшін мамандар даярлаудағы жаңа тәсілдері туралы сөз сөйледі.
Сараптамалық, сценарийлік және жобалық сессиялар барысында қатысушылар болашақ түлектің құзыреттерін, тағам индустриясын дамыту сценарийлерін, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын өзектендіру және сала үшін кадрлар даярлаудың жол картасын қалыптастыру бойынша ұсыныстарды талқылады.