АТУ-да кафедра меңгерушілеріне арналған біліктілікті арттыру курсы басталды

2026 жылғы 3 қарашада «Алматы технологиялық университеті» АҚ-да университеттің Құзыреттер орталығы ұйымдастырған кафедра меңгерушілеріне арналған «Кафедра меңгерушісінің бейімделуі: академиялық көшбасшылық және тиімді басқару» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсы басталды.

Оқу 2026 жылғы 3–11 қараша аралығында өткізіледі және басқарушылық құзыреттерді дамытуға, академиялық көшбасшылық дағдыларын жетілдіруге, кафедралар қызметінің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ академиялық құрылымдық бөлімшелер басшыларының кәсіби әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Оқудың алғашқы күні, 3 қарашада, тыңдаушылар алдында университеттің құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері дәріс оқыды.

Медеубаева Жанар Мирасқызы, Адам ресурстарын дамыту департаментінің директоры, «Білім беру бағдарламалары мен кафедра қызметін кадрлық қамтамасыз ету» тақырыбында дәріс өткізді. Дәріс барысында білім беру процесін кадрлық қамтамасыз ету, профессор-оқытушылар құрамының кадрлық әлеуетін басқарудағы кафедра меңгерушісінің рөлі және олардың қызметін тиімді ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.

Есембаева Балзада Амангелдіқызы, Заң бөлімінің басшысы, «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін басқару» тақырыбында дәріс оқыды. Дәріс барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, білім беру ұйымындағы басқарушылық қызметті жүзеге асыру кезінде ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Аталған курсты өткізу академиялық басқарудың заманауи тәсілдерін қалыптастыруға, кафедра меңгерушілерінің кәсіби құзыреттерін жетілдіруге және университеттегі білім беру қызметінің сапасын арттыруға ықпал етеді.

«Алматы технологиялық университеті» АҚ Құзыреттер орталығы қосымша кәсіптік білім беру жүйесін дамыту және академиялық құрылымдық бөлімшелер басшыларының біліктілігін арттыру бағытындағы жұмысын жалғастыруда.