АТУ-да Қазақстан-Қытай технологиялар мен инновациялар дамыту орталығының салтанатты ашылуы өтті

АТУ-да Қазақстан-Қытай технологиялар мен инновациялар дамыту орталығының салтанатты ашылуы өтті. Бұл орталық АТУ мен Бейжің Технология және Бизнес университеті (BTBU, ҚХР, Бейжің қ.) арасындағы ынтымақтастықты айтарлықтай кеңейтіп, нығайта түседі.

АТУ-дың әлемнің жетекші университеттерімен әріптестігі кеңейіп келеді. Университетімізге кезекті сапармен Бейжің Технология және Бизнес университетінің (BTBU, ҚХР, Бейжің қ.) делегациясы келді. Делегация құрамында BTBU Президенті, профессор Го Цянхуа, профессор, BTBU әлеуметтік ғылымдар зерттеулері кеңсесінің директоры Сун Йонгбо, BTBU халықаралық кеңсесінің директоры Хэ Донгменг, BTBU Тағамтану және денсаулық факультетінің профессорлары Лию Ксинкси мен Ай Наси, сондай-ақ BTBU түлегі Хламетов Муратжан болды.

Сапар аясында BTBU делегациясы АТУ басшылығымен және ғалымдарымен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан-Қытай технологиялар мен инновациялар дамыту орталығын құру туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар қонақтарға АТУ-дың Бас оқу ғимаратына экскурсия ұйымдастырылды.

Кездесудің басты оқиғасы – АТУ-дың №2 оқу ғимаратында орналасқан Қазақстан-Қытай технологиялар мен инновациялар дамыту орталығының салтанатты ашылу рәсімі болды. Орталықтың ашылуы университеттер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтіп, нығайтуға зор мүмкіндік береді. Бұл ынтымақтастық аясында бірлескен ғылыми жобалар әзірлеу, университеттердің ғалымдары мен оқытушылары арасында тәжірибе алмасу, қосдипломды бағдарламалар құру және академиялық ұтқырлық жүзеге асырылатын болады.