АТУ-ға Түрікменстан Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің кеңесші-консулы Нурымырат Розыджумаев мырза арнайы сапармен келді

Сапар аясында университет Басшылығы және декандармен кездесу өтіп, оның барысында екі ел арасындағы ғылыми-білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелері, АТУ-да білім алып жатқан түрікмен студенттерінің академиялық, спорттық және шығармашылық жетістіктері, сондай-ақ кәсіби кадрларды сапалы даярлауға бағытталған түрікмен студенттеріне арнайы әзірленген оқу жоспарлары, бағдарламалар мен академиялық күнтізбені жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, Нурымырат Розыджумаев мырза университетімізде білім алып жатқан Түрікменстан студенттерімен кездесті. Құрметті қонаққа студенттердің шығармашылық өнер көрсетуімен жарқын концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, онда түрікмен халқының бай мәдени дәстүрлері мен ұлттық ерекшеліктері көрініс тапты.
Мерекелік іс-шара соңында АТУ Басшылығы белсенді түрікмен студенттерін алғыс сертификаттарымен салтанатты түрде марапаттады. АТУ-дың Бірінші проректоры Б.К. Нұрахметов студенттік белсенділерге бастамашылдығы мен университеттің интернационалдық ортасын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін алғысын білдірді.