АТУ студенті «Тәуелсіздік ұрпақтары – 2026» гранттық байқауының жеңімпазы атанды
2026 жылғы 24 қарашада Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Байқау қорытындысы бойынша Алматы технологиялық университетінің «Автоматтандыру және робототехника» кафедрасының «Роботтар және робототехникалық жүйелер» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Қалкөз Ернат Маратұлы ақпараттық технологиялар (IT) бағыты бойынша «MindRelay» инновациялық жобасымен жеңімпаз атанып, 1 000 000 теңге көлемінде грант иеленді.
Ғылыми кеңесшісі: «Автоматтандыру және робототехника» кафедрасының сеньор-лекторы Жұмахан Нұржан Бейбітұлы.
«MindRelay» жобасы мессенджер арқылы жұмыс істейтін N.I.R.A. жасанды интеллект көмекшісіне негізделген ақпараттық жүйені дамытуға бағытталған. Жобаның мақсаты – заманауи технологияларын қолдану арқылы цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және пайдаланушылардың ақпаратпен өзара әрекеттесуін жеңілдету.
Гранттық байқау Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Алматы студенттер Альянсы» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен өткізілді. Байқау нәтижесінде ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа және волонтерлік бағыттары бойынша 13 жеңімпаз анықталып, жалпы 13 миллион теңге көлемінде грант табысталды.
Бұл жетістік – Алматы технологиялық университеті студенттерінің ғылыми-инновациялық әлеуетінің, инженерлік құзыреттіліктерінің және заманауи технологияларды дамытуға бағытталған ізденістерінің айқын көрінісі.
Студентімізді және ғылыми кеңесшісін айтулы жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз! Жобаның сәтті жүзеге асуына, ғылыми және кәсіби қызметтеріне табыс, жаңа жетістіктер мен биік белестер тілейміз!
