АТУ-нің бірінші проректоры Бауыржан Құмарғалиұлы Нұрахметовтың " Өмір бойы білім алу – Қазақстандықтар үшін жаңа перспективалар" тақырыбындағы сұхбаты.

«Өмір бойы білім алу – Қазақстандықтар үшін жаңа перспективалар»

Өмір бойы оқыту тұжырымдамасы жайындағы ойыңыз? 
Б.Қ.Нұрахметов: Қазақстан Республикасында 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы аясында үздіксіз білім беру жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл мемлекет үздіксіз оқытудың маңыздылығын түсініп, оны дамыту үшін қажетті жағдайларды жасауға ұмтылатынын білдіреді. Жаһандық өзгерістер аясында еңбек ресурстарының құзыреттілігі мен біліктілігіне қойылатын талаптар қазіргі таңда тек арта түсуде, бұл дегеніміз ұлттық еңбек нарығын реттеу саясатын жандандыру және де елдің еңбек әлеуетінің сапасын арттыруға, оны тиімді пайдалануға бағытталған білім беру жүйесі.     Аталған тұжырымдама өмір бойы оқытуды оңтайлы қамтамасыз ету үшін білім берудің барлық деңгейлері мен нысандарының, оның құрылымы мен мазмұнын тиімді өзгертудің мақсаттарын айқындайды, және осы тұста жасалатын міндеттерін, оның тәсілдерін негіздеп береді.

Үздіксіз білім алудың Қазақстандықтар үшін артықшылықтары қандай деп ойлайсыз? 
Б.Қ.Нұрахметов:
Бұл білім деңгейін үнемі жаңартып, кәсіби құзыреттілікті арттыруға, мансаптық өсуді жеделдетуге және жоғары жалақы алу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады. Сондай-ақ, үздіксіз білім алу қоғамның интеллектуалды әлеуетін арттырып, экономикалық және технологиялық даму үдерістеріне белсенді қатысуға мүмкіндік береді.

Өмір бойы білім алу шеңберінде жоғары оқу орындары қандай рөл атқарады?
Б.Қ.Нұрахметов:
Жоғары оқу орындары тек базалық білім беріп қана қоймай, жұмыс істейтін мамандарға біліктілікті арттыру курстарын, микроквалификация бағдарламаларын және қысқа мерзімді курстарды ұсынуы қажет деп ойлаймын. Сонымен қатар, университеттер цифрлық оқыту платформаларын дамытып, ашық білім беру ресурстарын көбейту арқылы өмір бойы білім алу үдерісіне белсенді қатысуда.

Өмір бойы білім алу қағидатын жүзеге асыруда Алматы Технологиялық Университеті қандай бастамаларды қолға алуда?
Б.Қ.Нұрахметов:
Алматы Технологиялық Университеті өмір бойы білім алу қағидатын іске асыру мақсатында бірнеше бағытта жұмыс атқаруда:

  • Микробіліктілік бағдарламалары – қазіргі таңда университетте 39 микробіліктілік бағдарламасы әзірленді, олар тыңдаушылардың нақты кәсіби дағдыларын дамытуға бағытталған.
  • Қысқа мерзімді курстар – сұранысқа ие салалар бойынша мамандардың біліктілігін арттыруға арналған.
  • Жаппай ашық онлайн курстар -  https://skills.atu.kz/ платформасында студенттер, мамандар, ұйым қызметкерлері және өзге пайдаланушы санаттары үшін ашық онлайн-курстары   қолжетімді. 
  • «Күміс университет» жобасы – егде жастағы азаматтарға жаңа білім мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді, цифрлық сауаттылық, IT, туризмдегі ағылшын тілі сияқты курстар ұсынылады.

Алматы Технологиялық Университеті өмір бойы білім алуды дамыту үшін бизнес және қоғамдық ұйымдармен серіктестікті қалай жүзеге асыруда?
Б.Қ.Нұрахметов:
Университет жетекші бизнес және қоғамдық ұйымдармен әріптестік орнатып, еңбек нарығының сұранысына сай білім беру бағдарламаларын әзірлеуде. Сонымен қатар, бірлескен тағылымдамалар, кәсіби даму курстары және микробіліктілік бағдарламаларын іске асыру арқылы білім алушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда. Университет дуалды білім беру жүйесін дамыту, өндірістік тәжірибені күшейту және сарапшылармен бірлескен шеберлік сабақтарын ұйымдастыру арқылы студенттердің тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге ерекше мән береді.