Инженериядағы жасанды интеллект: АТУ-да технологиялардың болашағы талқыланды

Алматы технологиялық университетінде Ақпараттық технологиялар факультетінің «Компьютерлік инженерия» кафедрасы базасында «Инженериядағы AI: құрал, серіктес немесе бәсекелес?» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, ІТ-индустрия өкілдері мен сарапшылар қауымдастығы қатысып, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында инженерлік қызметтің трансформациясын талқылады.
Іс-шараны Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Алиев Баходир Азимджонович құттықтау сөзімен ашып, жасанды интеллект технологияларын академиялық және ғылыми-білім беру ортасына енгізудің стратегиялық маңызын, заманауи университеттің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі шарты ретінде атап өтті.
Ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Маликова Феруза Умирзаховна мұндай іс-шаралардың өзекті білім беру күн тәртібін қалыптастыруға ықпал ететінін және білім беру бағдарламаларын жаңа технологиялық шынайылық талаптарына бейімдеудің тиімді платформасы екенін атап өтті.
Сараптамалық пікірталастың модераторы «Компьютерлік инженерия» кафедрасының меңгерушісі, PhD Адилжанова Салтанат Альмуханбетовна болды.
Халықаралық сараптама: ЖИ және жаһандық еңбек нарығы
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын Loughborough University (Ұлыбритания) зерттеушісі, PhD Арман Мажикеевтің баяндамасы тудырды. «AI, firm productivity and job replacements» тақырыбындағы баяндамасында автор жасанды интеллект алгоритмдерінің компаниялардың экономикалық тиімділігіне әсер ету тетіктерін ашып, жұмыс орындарының жаһандық деңгейде қысқару тәуекелдеріне жан-жақты талдау жасады. Сарапшы автоматтандыру мен жаңа кәсіби бағыттарды қалыптастыру арасындағы тепе-теңдікті сақтау жаһандық экономика үшін негізгі сын-қатер екенін атап өтті.
Ғылыми-практикалық кластер: цифрлық егіздерден киберқауіпсіздікке дейін
Сессия барысында қолданбалы зерттеулердің кең ауқымы ұсынылды:
Өнеркәсіпті цифрландыру: PhD, доцент Амирханова Гульшат Аманжоловна №BR24992975 бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасының нәтижелерін таныстырды. «Жасанды интеллект пен IIoT технологияларын қолдана отырып, тамақ өнеркәсібі кәсіпорнының цифрлық егізін әзірлеу» тақырыбы аясында өндірістік циклдерді «ақылды» виртуалды модельдер арқылы оңтайландыру әдістері көрсетілді.
Іргелі ғылым: физика-математика ғылымдарының докторы, ҚР ҰИА академигі, Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтының бас директоры Бектемесов Мактагали Абдимажитович жасанды интеллекттің қазіргі ғылымдағы пәнаралық негіз ретіндегі рөлін атап өтті.
Киберқауіпсіздік: «Zeid Security» ЖШС бас директоры Нуржан Рахимов интеллектуалды жүйелердің осал тұстарын талдап, деректердің «ақпараттық гигиенасы» қағидаттарына ерекше назар аударды. Аталған компания АТУ-дың «Компьютерлік инженерия» кафедрасы студенттері үшін жұмыс беруші болып табылады.
Білім беру технологиялары: «DocumentKZ» ЖШС және DigitalEgiz зертханасының өкілі Бауыржан Амирханов оқу контентін автоматты түрде генерациялауға арналған «Камиля» платформасын таныстырды.
Өнімділік және этика: PhD Меруерт Сакыпбекова автоматтандыру шығармашылыққа уақыт босата ма, әлде керісінше маманға түсетін жүктемені арттыра ма деген өзекті мәселені көтерді.
Интеллектуалды агенттер: Al-Farabi Kazakh National University PhD докторанты Байдулла Аяулым интеллектуалды басқару жүйелері туралы баяндама жасады.
Пәнаралық аспектілер: пікірталасқа сондай-ақ PhD Владислав Карюкин (мультимодальды жүйелер) және АТУ-дың аға оқытушысы Жәнібек Тұрысбек (жалған ақпаратты анықтау) қатысты.
Пікірталас нәтижесінде қатысушылар саланың даму бағыты бойынша ортақ көзқарас қалыптастырды. Кездесу қорытындысы бойынша жасанды интеллекттің жоғары технологиялық серіктес екені, ал болашақ инженерлерден сыни ойлау, контентті верификациялау және бейімделу дағдылары талап етілетіні атап өтілді.
Іс-шара АТУ-дың ғылыми-зерттеу зертханаларына экскурсиямен аяқталып, қонақтарға халықаралық жобаларды жүзеге асыруға арналған университеттің инновациялық мүмкіндіктері таныстырылды.