Friday, March 29, 2024

ДАРА ҰСТАЗ - ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН

Халық мектептері үшін ең керегі — оқытушы.Тамаша педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да,инспектор бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды.

Мемлекетіміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойында біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек екенін атап көрсеткен болатын.

Әр замандағы тарихи кезең әлеуметтік құбылыстар өзінің дарынды өкілдерін жарыққа шығарып отыратыны мәлім.Олар елдің мұң – мұқтажын көре біліп, халқының сол мұқтажына перзеттік махаббаттын арнаған, туған халқының игілігі үшін бар күш-жігерін жұмсаған ардақты азамат ретінде халық тарихынан маңызды орын алып отырған. Ондай азаматтардың игілікті дәстүрлері ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып, елдің тарихи, мәдени өміріне елеулі ықпал етіп келген.

Қазақ халқының тарихында аса көрнекті орын алған сондай тұлғалардың бірі – Ыбырай Алтынсарин.

Заңғар жазушы Мұқтар Омарханұлы Әуезов Ыбырай Алтынсарин туралы былай жазды: «Қазақта үш мұнара бар, олар: Абай, Шоқан, Ыбырай…

«Ыбырай орыстың мәдениет мектебін танымаса, Ушинский бастаған педагогикалық жаңалықтарды білмесе, орыстың адамгершіл, прогрессшіл классикалық әдебиетінің нәрінен қорек алмаса, Ыбырай болмас еді… Ыбырай да сол бір бағытта болумен қатар, өмірі, еңбек еткен ортасы, әлеуметтік-қоғамдық қайраты, әрекеті жөнінде Шоқанға да, Абайға да ұқсамайды. Ыбырай жаңағы екеуінің де ісін өз өмірінде еңбегіне түйістіріп, қоса білді. Сөйтіп, ол екеуі де істеген тың тарихтың ұзақ өрісі бар, зор келешегі бар істердің үлгісін өз қолымен орнатты. Әрі ол жаңа үлгідегі ақын, әрі сол кездегі Ресейде батыл жаңалық жасап, «бұратана» елдер үшін тың үлгідегі мектеп ашушы. Қазақтың ең алғашқы мәдениетті мектебін жасаумен қатар, жазушылық пен оқытушылықты ол аса шебер өнерлі түрде қабыстырушы» десе, академик Төлеген Тәжібаев, «Ыбырай Алтынсарин -Қазақстандағы педагогикалық ойдың пионері», дейді.

Ол жаңашыл, дарынды ағартушы ғана емес, халқымыздың теңіздей толқып тасыған інжу – маржан жырларын жақсы біліп, еңбегіне арқау еткен.

Ауыр заманда білім алып, ат жалын тартып мінгесін-ақ Ыбырай Алтынсарин білім ұранын көтерді. Елді қорлықтан құтқаратын, игілікке бастайтын тек білім деп есептеді. Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық – білім екендігін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін, ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндіреді.

Өз бетімен көп ізденіп, білім қорын молайта келе, Ыбырай өзінің алдына тілмаш болуды емес, туған халқына пайдалырақ басқа бір қызмет істеуді мақсат етіп қояды. Оның ынтасы ағартушылыққа ауады. 1860 жылы Жайықтың шығысындағы қазақтар үшін төрт бастауыш мектеп ашылған кезде, Ыбырай өзі сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болуға рұқсат алып, сонда келеді. Бірақ мектеп бірден ашыла қоймайды. Бұл аралықта, Ыбырай ел ішінде мектептің пайдасын түсіндіріп, біраз баланы өз үйінде оқытады. Торғай мектебі 1864 жылы ғана ашылады.

«Қаңтардың сегізі күні менің көптен күткен ісім жүзеге асып, мектеп ашылды және оған қазақтың тамаша да, сүйкімді де, зерек те 14 ұл баласы қабылданды. Мен оларды оқытуға қойға тиген аш қасқырдай кірістім. Қуанышыма қарай балалар айналдырған үш айдың ішінде орысша және татарша оқуды да, тіпті жазуды да меңгеріп алды», — деп жазған еді Ыбырай Алтынсарин.

Ыбырай «Өнер-білім бар жұрттар» атты өлеңінде оқу, білім алудың мақсатын кеңінен сөз етеді. Өлеңнің негізгі идеясы – қазақ қауымына озық мәдениетті елдерді үлгі етіп көрсету. Ыбырай жастардың оқыған адам болғандағы мақсаты өз халқының бір керегіне жарау, оны «тастан сарай салдырып, айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызатын» елдердің қатарына жеткізу деп білді. Келешекке сенімі мол Ыбырай өмір көркі, болашақтың иесі – жастар деп ұқты.

Біз надан боп өсірдік
Иектегі сақалды.
Өнер – жігіт көркі деп
Ескермедік мақалды…
Біз болмасақ сіз барсыз,
Үміт еткен достарым,
Сіздерге бердім батамды, -деп, ағартушы «Өнер, білім бар жұрттар» өлеңінде оқу, білім алудағы мақсатты аша түседі және де жастарға зор үміт артатындығын, оқып білім алудағы мақсат халықтың қажетіне жарау, өз еліңді өркениетті елдер қатарына қосу деп анық айтқан. Ыбырай қазақ жастарын оқуға шақырумен қатар, адамгершілікке, махаббат-достыққа, еңбекке, жігерлілікке, тапқырлыққа, халқын сүюге шақырды. Адам деген ардақты есімді ақтай алатын кісі болып шығуды насихаттап, жастарға дұрыс тәрбие бергенде ғана бұл міндеттерді іске асыруға болатындығын ол жақсы ұғынды.

Мәдениетті де талантты педагог-жазушы әрі мінезге бай, адамгершілік, жолдастық қасиеті мол Ыбырай орыс зиялыларының арасында да мейлінше беделді, сыйлы болған. Ыбырай балаларға арнап оқулық жазу мектепте қазақ балаларына білім мен тәрбие берудің басты құралы деп қарайды. Ол балаларға ана тілін ұқыптылықпен үйретеді, тәрбиелік мәні зор шағын көркем шығармалар арқылы оларды жақсы мінез-құлыққа баулуды көздейді. Ыбырай балалардың дүниетанымдық қасиеттерін, білімін дамытатын, балалардың жас ерекшеліктеріне лайықты түсінуге жеңіл қарапайым тілмен жазылған, тақырыбы оларды қызықтыратын кітаптарды басып шығару керек екенін терең түсініп, 1876 жылдан бастап «Қазақ хрестоматиясын» жазуға кірісті. , «Қазақ хрестоматиясын» 1879 жылы Орынборда бастырып шығарды. «Бұл кітапты кұрастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын көздедім». – деп жазды Ыбырай.

Ыбырай Алтынсариннің айрықша атап айтар тарихи еңбегінің бірі – оның қазақ балалар әдебиетінің негізін қалауы. Сондықтан оның әңгімелерінен балалар әдебиетіне қойылатын негізгі талаптардың барлығы да, атап айтқанда, туындының көлемінің шағындығы мен құрылысының қарапайымдығы, тілінің таза, түсінікті әрі шұрайлылығы, тәрбиелік – танымдық мәннің жоғарылығы, оқиғалардың балалар ұғымы мен жасына сай, көркем әрі қызықты баяндалуы, балаларға тән мінез, әрекет, ой – қиялдың табиғи түрде жазылуы болып табылады.

Ағартушы ғалым білім беруде оқытудың негізгі бағыттарын өте шебер жүйелей білді.

Оқу мынадай бағытта жүргізілді:

  • қазақ тілі (оқу-жазу)
  • орыс тілі (оқу-жазу)
  • татар тілі (оқу-жазу)
  • көркем жазу
  • арифметика: қосу, алу, бөлу, көбейту
  • жер шары:Еуропа мен Азияның басты мемлекттері мен қалалары туралы мәлімет.

Жыл соңында арифметикадан емтихан, көркем жазу, қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға аудару емтихандарын тапсырды. Ы.Алтынсариннің мектебінде оқушылар болашақта екіжүзді, парақор болып шықпасын деп, адамгершілік тәрбиесіне баса көңіл бөлінді. Бұл мәселе бүгінгі күннің де мектептерінің алдында тұрған басты мәселе. «Мектеп – қазақтарға білім берудің басты құралы. Біздің барлық үмітіміз, қазақ халқының болашағы тек осы мектепте ғана», – деді Ы.Алтынсарин. Ыбырай балаларға сабақты өте қызықты, түсінікті етіп беруге тырысты. Педагогикада баланы мәжбүрлі түрде емес, қызықтыра оқыту арқылы құзыретті тұлғаға айналдыруға болатыны туралы қағиданы дара ұстаз – Ыбырай ұстана білді. Осы орайда Ыбырай ұстанымының ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби пікірімен де астасып жатқанын байқауға болады. Балалар молдадан оқып бір жылда әрең хат таныған болса, Ыбырай оқытқан балалар небәрі үш айда оқи да, жаза да алатын болды.

Ағартушы-ғалымның терең педагогикалық тәжірибесі мен өмірден алған мол тағылымы оның нақыл сөздерінен анық байқалады. Мысалы:

  • Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі.
  • Оқытушыны бағалағанда, олардың іске қатысы жоқ сөздеріне қарап емес, олардың егістіктерінің бетіне шыққан жемістеріне, яғни оқушыларына қарап бағалау керек.
  • Педагогикалық жұмыстағы шешуші нәрсе — ең жақсы оқыту әдістерін таба білуде.
  • Мектеп қабілетсіздік пен жалқаулықтың ұясына айналмауы тиіс.
  • Тұмсықтының тамағы,

Шоқу менен табылар,
Өнер-бiлiм дегенiң,
Оқуменен табылар.

  • Еңбекпен табылған тамақ тәтті әрі сіңімді болады.
  • Адамгершілікке тəрбиелеу құралы — еңбек пен ата-ана үлгісі.
  • Оқыту процесінде қалай болса солай оқытпай — ғылым, білім беру жүйесі сақталу керек.
  • Қашан да бір істі істегіңіз келсе, ол іске әуелі ақылыңызды, одан соң қолыңызды жұмылдырыңыз, егер де ақылыңыз дұрыстаса, көзіңіз көріп, жөнін тауып мақұл көрсе, тіліңіз бен қолыңызға ерік беріңіз.
  • Байлық — қанағат пен еңбекте.
  • Өнер, білім — бәрі де оқуменентабылған.
  • Жақсы ой мен жақсы сөз – жақсы істерге жетелейді.
  • Аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боласың.
  • Азға қанағат қылмасаң,көптен құр қаласың.
  • Алдыңа келсе, әділдігіңді аяма.
  • Әр нәрсенің сыртына қызықпа, асылы ішінде.
  • Қазақтың тілі соншалықты мол Ләкин қазақтың тіліменен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұншалықты жатық әм анық болар еді, егер де біздің қазақтар аңғарып,бөтен тіл араластырмастан ілгері бастырып сөйлесе.
  • Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс. Мұғалім балалармен сөйлескенде ашуланбай, күйгелектенбей, сабырлылықпен сөйлесуге тиіс: әрбір затты ықыласымен, шұбалаңқы сөздер мен керексіз терминдерді қолданбастан қарапайым тілмен түсіндіру керек.
  • «Менің айтқанымды емес», атақты философ-педагог Коменскийдің айтқанын істеңдер, кімде-кім өзінде барына қанағат ете білсе, өзіне –өзі «Біз өзіміздің адал еңбегімізбен өмір сүріп отырмыз» деп айта алса, сол нағыз бақытты адам.
  • Балаға берілген бірінші тәрбие ата-анасын, туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады.
  • Көп сөйлеген мылжың шын сөзді аз айтады.

Ыбырай Алтынсарин халық ағарту саласында қандай елеулі орын алса, әдебиет пен мәдениетіміздің тарихында да сондай биік дәрежеде тұр. Ақынды қазақтың жазба әдебиеті мен тілінің негізін қалаушылардың бірі ретінде де танимыз. Қазақ әдебиетіне тың серпіліс әкеліп, жаңа жанрлар енгізді. Оның терең ойлы шығармалары, мағыналы да тағылымды өлеңдері, қысқа да нұсқа әсерлі әңгімелері қай дәуірдің жастарына да нәр беріп, сусын болары анық. Қазіргі ыбырайтанушылар «Алтынсарин мектебі болмаса, Алаш қайраткерлері де болмас еді» деген пікір айтады. Олардың қатарында Алаш зиялылары С.Көбеев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Е.Омаров сынды басқа да көптеген Алаш арыстары осы Ыбырай негізін қалаған мектепте білім алған екен.

Біз мақалада қазақ даласының дара да ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық және тәрбие беру саласындағы атқарған орасан зор еңбегіне қысқаша тоқталдық. Ыбырай еңбектеріне байланысты көптеген ғалымдар зерттеулер жүргізді. Ыбырайды ағартушы-ғалым, жазушы, ақын, аудармашы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері ретінде әлі де зерттеу қажет етеді деп ойлаймыз.

«Мемлекеттік және шетел тілдері» кафедрасының лекторлары: Қ.Ж.Абдрахманова, А.С.Сағымова, РДГБ 1-курс студенті Ауғамбай Аружан.