Thursday, April 25, 2024

Қарттарым - асыл қазынам

Халықаралық қарттар күні — бұл аталар мен апалардың, ата-аналардың, бір-бірінің қадірін білетін жақын адамдардың мерекесі. Бұл — жан дүниенің жомарттығы мен адамдық даналықтың, азаматтықтың кемел шағына деген құрмет. Ардагерлер қажеттілігінен алшақ қалмай, үлкендерге құрмет көрсету халықтың мәдениеттілігін сипаттайтын негізгі белгі. Халқымызда «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деген ұлағатты сөз бар. Даналықтың алтын кілті — ата-бабаларымыз. Ата жолын жалғап келе жатқан бүгінгі күнгі ақсақал аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз.

Қария деген сөз елдің басы болу, ақылын айтар дана болу, ел төрінде құрметке бөлену, ас бергенде немерелерінің үлесін бөлер қамқоршысы. Шаңырақтың шаттығын сақтап, бірлігін бекем етуге ақылын айтар елі мен жерінің кеңесшісі. Қазақтың әр отбасында арқа тұтар ата-әжелері бар. Олардың әрбір айтқан гауһар тасқа бергісіз ақылдары жас ұрпақтың өсіп-өркендеуіне өте мол үлесін тигізеді.Ата-әжесі бар үйдің балалары да өзгеден ерек, ортасындағы ерекшелігі қариялардың ыстық алақанынан дәм татып, жауһар сөздерін саналарына сіңіріп өскендігі білінеді. Ата дәстүр салтымыздан таймай, ескі ғұрыптармен немерелерін нағыз қазақтың салтын сақтар бабалардың жолыменен жүретін өр рухты қазақты тәрбиелеп өсіреді.

«Бала өсіргің келсе, дана жүректі қатты ұста, үйрет білім, ізетті», – деп Жүсіп Баласағұн айтпақшы, аталардан қалған аманат, ұрпаққа берілген ұлағатты ғибрат сөздер халықтың да асыл қазынасы. Әр ұлттың өзіндік ерекшелігі, салт-дәстүрі, тілі, ұлттық мәдениеі болатыны белгілі. Қазақ «қарттар – үйдің қазынасы» деп,үлкенді құрметтеген. «Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең» деп жасы кішілер оларға құрмет көрсеткен.

Үйдің берекесі мен мерекесі, есігіміздің ажарын кіргізіп тұратын үйдің үлкендері  бастаған әр қадамымызға  дұрыс жол сілтеп, ата-бабамыздан қалған нақыл сөздермен сусындатып отырады. Ескінің көзін көрген аталарымыз бен  әжелеріміз мамандық алмасада, өмірден көркен-білгенімен дәрігер де, мұғалім де, емші де. Үлгілі отбасылардың өнегесін алып, өсіп-өнген ел мақтанар, қызыға  қарар  әулет болуға талпынайық.

Қарттар күні саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын ата- әжелеріміздің төл мерекесі. Олардың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына.

Біз, Алматы технологиялық университетінің «Химия, химиялық технология және экология» ка¬федрасы ұжымы қоғамдық не¬гізде кафедра қарттарын мерекелермен құттықтап тұрамыз.

ХХТжЭ кафедрасының оқытушысы: Калимолдина Л.М.