Көптің күтері – нақты нәтиже

Көптің күтері – нақты нәтиже

 

  Талғат Құлажанов,

  Алматы технологиялық университетінің ректоры, академик

 

Осыдан бірер күн бұрын ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Біз мүлдем жаңа бағытқа көшу үшін Қазақстанның экономикалық дамуына тың серпін беруіміз керек… Халық бізден нақты шешімдер күтеді, өйткені ең өзекті мәселелерді шешу қажет», – деп мәлімдеді. Осы арқылы ол мемлекеттік шаруашылық жүргізу ісінде ілгері өркендеудің жаңа үлгісі жасалатынын, алдағы ауқымды жұмыстарға баршаның жұмыла кірісуі қажет болатынын аңғартты. Мұндай маңызды үлкен істе Үкіметке де қолдау керек, сондықтан қандай меншіктегі болмасын әрбір ұйым, кәсіпорын экономиканы ілгерілетуге қалай күш қосатынын өзі көре біліп, кем-кетігін түзеп, қажет етілетін жерге «қалана кеткені» саналық ілгерілеуімізді көрсетеді деп білемін.

Президентіміз әлемдік бәсекеге қабілетті және заманауи инновациялық технологияға арқа сүйейтін экономиканы орнықтыру, бұл үшін мемлекеттік шаруашылықтың барлық саласында өз ісін жетік білетін білікті мамандар болуы қажеттігін бұрын да айрықша атап көрсеткен болатын. Бұл ретте жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін күшейтудің маңызы зор. Ал бәсекеге төтеп беру ең әуелі білім сапасын арттыруға, білім алушыларға және білім берушілерге талаптарға сай жағдай жасауға байланысты болады.

Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең үздік жоғары оқу орындарының қатарындағы Алматы технологиялық университеті тағам, өңдеу, тоқыма және жеңіл өнеркәсіп салалары, инжиниринг және IT, бизнес, қызмет көрсету мен қонақжайлылық индустриясы үшін мамандар мен ғылыми кадрлар даярлап келеді. Университет жаһандық білім беру кеңістігіне белсене кірігіп, халықаралық ауқымда барған сайын таныла түсу үстінде. Мұнда таңдаған мамандықтар бойынша өндірістегі практикамен тікелей өзара байланысты қамтитын осы заманғы ғылыми-білім беру процесі жоғары деңгейде құрылған. Мұның бәрі оның әлемдік, өңірлік және ұлттық рейтингтердегі көрсеткіштерімен қуатталады. Мәселен, үстіміздегі жылы QS Quacquarelli Symonds (Ұлыбритания) Халықаралық рейтингтік агенттігінің айқындауы бойынша Алматы технологиялық университеті дүние жүзінің 100 елінің таңдаулы оқу орындары арасында 801–850 орынды иеленді. Бұл өте жақсы көрсеткіш деп бағаланады. Сондай-ақ QS Stars халықаралық рейтингінің сарапшылары Білім беру және Жұмысқа орналасу санаттары бойынша АТУ-ды 5 жұлдызбен атап өтті. Қазақстан жоғары оқу орындарының Ұлттық рейтингінде АТУ үздік жоғары оқу орындары бестігіне кіреді. Бұл білім сапасына қатысты деректердің бір парасы ғана.

Ғылым және жоғары білім министрлігі білім сапасын арттыру, студенттерге қажетті жағдай жасау, әсіресе жатақханамен қамтамасыз ету мәселесінде оқу орындарымен тығыз байланыста. Осы орайда айтар болсақ, АТУ-ды таңдаған мемлекеттік грант иелерінің саны жылдан-жылға көбейе түсуде, соның өзінде жатынжайға мұқтаж студенттердің 75 пайызы жатақханадан орын алады, бұл қолданыстағы нормаға сай көрсеткіш. Өткен жылы «Егемен Қазақстан» бетінде студенттер санының арта түсуін ескере отырып, тағы бір жатақхана салынатынын айтқан едік. Міне, жаңа оқу жылы 300 орындық заман талабына сай жаңа жатақхана ғимаратының пайдаланылуға берілуімен басталмақ. Бұған қоса тағы бірлі-екілі жатақхана салу үшін жер телімін алу мақсатында Алматы қаласы әкімдігімен жұмыс жүргізілуде.

Сонымен қатар барлық жатақханаларда тиісінше күрделі немесе ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, қазіргі кезде бәрі де жаңа оқу жылына сақадай сай тұр. Университеттің бас корпусында да жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйелері жаңартылды.

Қазіргі уақытта 8000-ға жуық студент оқитын АТУ-дың ғылым-білім тұрғысынан айтарлықтай материалдық-техникалық базасы бар. Мұнда бес факультет, университет базасында құрылған Қазақстан-Швейцария қонақүй бизнесі және туризм институты, 3 ғылыми-зерттеу институты, 12 оқу-ғылым орталығы, заманауи жабдықтармен жарақтандырылған 13 ғылыми-зерттеу зертханасы, шағын зауыттарға ие тағам және өңдеу өндірісі технопаркі, мейрамхана ісі мен қонақүй бизнесі оқу орталығы, тамақтандыру комбинаты, 2 спорт залы мен стадион, 2 медпункт, баспахана, студенттерге қызмет көрсету орталығы барМатериалдық-техникалық база ауқымы 70 мың шаршы метрді құрайды, оған 4 оқу корпусы, 5 студенттік жатақхана кіреді.

Гранттар арқылы және ақылы негізде білім алушылар санының артуына орай 9 қабаттан тұратын тағы бір жаңа оқу корпусының құрылысын бастау көзделініп отыр.

Университеттің барлық жетістіктері – оның профессор-оқытушылар құрамы мен барлық қызметкерлері еңбегінің жемісі. Олардың жалақысы биылғы жылы 30 пайызға көтерілді. Басқа да материалдық және моральдық тұрғыдан қолдау шаралары әрдайым назарда тұр.

Сөз басында, Президент атап көрсеткендей, Қазақстанда экономикалық дамудың жаңа үлгісіне көшу қолға алынатынын айттық. Соған орай, біздің ойымызша, елімізде тұрақты сұраныстағы, халық тұтынатын тауарлар шығаратын жеңіл өнеркәсіп саласын жедел жаңғыртып, өркендету керек. Сонда мыңдаған адамдарға жұмыс орындары ашылар еді, осы салада бәсекеге қабілетті отандық тауарлар кеңінен өндіріліп, ел ішінде және сыртта сұранысқа ие болатындай жағдайларды қарастыруды Үкімет назарына ұсынар едік. Алматы технологиялық университеті бұл іске белсене араласуға дайын, бұл үшін ғылыми-білім және материалдық-техникалық тұрғыдан қажетті базамыз бар. Алпыс бес жылдан астам уақыттан бері жеңіл және тамақ өнеркәсібі үшін даярланып келе жатқан мамандар сапасын да, санын да арттыру – университет ұжымы үшін абыройлы міндет.