ҚР ҰБ мұражайына экскурсия
21 сәуірде Алматы технологиялық университетінің «Экономика және бизнес» факультетінің студенттері Экономикалық пәндері бағыты бойынша өтілген теориялық материалдарды бекіту мақсатында, э.ғ.к., «БЕжҚ» кафедрасының оқытушысы Н.А.Гумардың жетекшілігімен ҚР Ұлттық Банкінің мұражайына барды.
Мұражайда көптеген қызықты жәдігерлер бар екен. Мұражай экспозициясы 4 бөлімнен тұрады:
- XII-XIV ғасырлардағы ақша белгілері.;
- 1865 жылдан 1917 жылға дейінгі ақша белгілері;
- 1918 жылдан 1992 жылға дейінгі ақша белгілері;
- 1993 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі ақша белгілері.
Мұнда көптеген тарихи жәдігерлермен танысуға мүмкіндік болды: ескерткіш монеталар коллекциясы; әртүрлі елдер мен әртүрлі дәуірлердегі түрлі металдардан (алтын, күміс, нейзильбер) жасалған банкноттар мен монеталар, есеп техникасы, банктің бірінші төрағасының жиһазы, Қазақстан Республикасының жоғары марапаттары және т.с.с.
Экскурсия жетекшісі ақшаның қалай пайда болғанын, ақша айналымының қалай өзгергенін, ақша нарығының қалай дамығанын түсіндіре отырып, әртүрлі қызықты фактілерді келтірді.
Студенттерге ақша жүйесі, алғашқы банкирлер және ҚР Ұлттық банктің басшылары туралы құнды деректер тыңдау маңызды болды.
Мұражайдың орталық бөлігінде тәуелсіз Қазақстанның символы – «Алтын Адам» макеті орналасқан. «Экономика және бизнес» факультетінің ұжымы ҚР Ұлттық Банкі мұражайының ұжымына жемісті ынтымақтастығы үшін шын жүректен алғысын және терең ризашылығын білдіреді.

