Бүгін АТУ-ға А.Кънчев атындағы Русен университетінің (Болгария) делегациясы келді

Бүгін Алматы технологиялық университетіне ректор, академик Христо Белоев және Даму, үйлестіру жөніндегі проректор, профессор Пламен Даскалов құрамында А.Кънчев атындағы Русен университетінің (Болгария) делегациясы келді. Университеттерімізді ұзақ ынтымақтастық байланыстырады. А. Кънчев атындағы Русен Университеті дербес мемлекеттік жоғары оқу орны болып табылады, оның тарихы 1945 жылы Русе қаласында жоғары техникалық мектеп құрылғаннан басталды. Университет құрылымында сегіз факультет жұмыс істейді: аграрлық-өнеркәсіптік, машина жасау, электротехника, электроника және автоматтандыру, көлік, бизнес және менеджмент, жаратылыстану ғылымдары және білім беру, заң, қоғамдық денсаулық сақтау.

Болгариялық серіктестердің сапары аясында АТУ мен А. Кънчев атындағы Русен университеті арасында бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша студенттерді даярлау саласында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ, қонақтар АТУ бойынша шағын экскурсия жасады, Ғылыми кітапханада, Студенттерге қызмет көрсету орталығында, ATUinn-де болды.