Тәуелсіз елдің болашағы – парасатты жастар

Алматы технологиялық университетінде ережесіз жекпе-жектің хас шебері, әлемнің үш дүркін чемпионы, әлем кубогының иегері, Еуропа және Азия біріншіліктерінің жеңімпазы Ардақ Назаровпен кездесу өтті.

Кездесу «Тәуелсіз елдің болашағы – парасатты жастар» тақырыбында «Инжиниринг және ақпараттық технологиялар» факультетінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығының аясында жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануымен қатар ата-ананы құрметтеу, имандылық, ізеттілік, адамгершілік секілді құндылықтарды бойына сіңіру мақсатында өтті. «Инжиниринг және ақпараттық технологиялар» факультетінің студенттерінің алдында сөз сөйлеген Ардақ Назаров ата-бабаларымыздың даналығы мен данышпандығы, батырлығы мен қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі, имандылық пен инабаттылық, білім мен ғылым, өнер мен мәдениет, спорт пен салауатты өмір салты, адамзат құндылықтары және тағы басқа өзекті мәселелер төңірегінде тартымды әңгіменің тиегін ағытты. Қазіргі жастардың келбеті мен болмысы, өресі мен парасаты және өскелең ұрпақ кімдерге қарап бой түзеу қажеттігі жайында ойға қонымды пікірлер айтылды.

Сондай-ақ бұл кездесуге белгілі фитнес тренер, бодибилдингтен Қазақстан және Азия чемпионы Акбар Жармағанбетов және бизнесмен Жанас Әділбайұлы қатысып, көпшілікті толғандырған сауалдарға жауап берді.

«Алла Тағала беріп те сынайды, алып та сынайды. Дүние бүгін бар, ертең жоқ. Бірақ, адамзатты сұлулықпен, мансаппен, байлықпен, дүниемен өлшеуге болмайды. Адамзаттың өлшемі – оның руханиятында, оның тектілігінде, мәрттігінде, адами құндылығында», – деп жастарға батасын беріп, өз сөзін қорытындылады.

«Инжиниринг және ақпараттық технологиялар» факультеті
деканның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Жаксығұлова Н.Е.