2022 жылғы 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өткізілетін ұлттық бірыңғай тестілеу қатысушыларына ақпарат

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы (бұдан әрі – Орталық) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы № 204 бұйрығымен бекітілген Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу және «Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырғаны туралы сертификат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағидаларына сәйкес ағымдағы жылғы 16 мамыр мен 5 шілде аралығында ұлттық бірыңғай тестілеу:

  1. орта білім беру ұйымдарының ағымдағы жылғы бітірушілеріне;
  2. орта білім беру ұйымдарының өткен жылғы бітірушілері мен техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілеріне;
  3. жоғары білімнің қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсетін техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілеріне;
  4. шетелде білім алған орта білім беру ұйымдарының бітірушілері мен шетелде білім алған, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын, ұлты қазақ адамдарға;
  5. жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) күндізгі оқу бөліміне ақылы негізде қабылдау үшін ҰБТ нәтижесі бойынша шекті балл алмаған, ҰБТ нәтижелері жойылған, бейінді пәндер комбинациясы сәйкес келмейтін ҰБТ нәтижелері бар тұлғаларды күнтізбелік жылы ақылы негізде одан әрі қабылдау үшін өткізіледі.

Оқуға түсуші ҰБТ қатысушыларының деректер базасына (бұдан әрі – ДБ) тіркелу үшін өтінішті 2022 жылғы 28 сәуір мен 14 мамыр аралығында онлайн түрде Орталықтың сайты арқылы келесі сілтеме бойынша береді: https://app.testcenter.kz/. Осы аралықта тестілеуге 2 (екі) рет өтініш беруге мүмкіндік беріледі.

Өтініш беру рәсімі:

  1. https://app.testcenter.kz/ сайтына кіру және интерфейс тілін таңдау;
  2. электрондық поштаны көрсете отырып, тіркеуден өту (электрондық поштаға келген хат арқылы міндетті түрде электрондық поштаны растау қажет); Ескерту: егер түсуші алдында бұл сайтқа тіркелген болса, онда ол өтінішті өзінің «жеке кабинеті»   арқылы бере  алады.  Ол үшін «Кіру» батырмасын басып, логин мен паролін енгізеді.
  3. алынған логин мен пароль арқылы авторизациядан өту (логин мен пароль бар хатты 2022 жылдың соңына дейін жоюға болмайды);
  4. ЖСН көрсету және іздеу батырмасын басу (тегі, аты және әкесінің аты автоматты түрде шығады) және байланыс телефоны нөмірін көрсету (міндетті түрде). Ағымдағы жылғы мектеп бітірушілері үшін (18 жасқа толмаған) ата- анасының немесе заңды өкілінің ТАӘ, ЖСН және байланыс телефонын міндетті түрде енгізу;
    Ескерту: ЖСН-ы жоқ шетелде білім алған, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын, ұлты қазақ адамдар (Қандастар) «ҚР ЖСН-ы жоқ» батырмасын таңдайды және келесі мәліметтерді енгізеді:
    – ТАӘ (кирил жазуымен);
    – ұлты;
    – азаматтығы;
    – туған күні;
    – құжат нөмірі;
    – байланыс телефоны.
    «Сақтау» батырмасын басу, осы іс-әрекеттер орындалғаннан соң ҰБТ- ға тіркелу үшін 12 сандық код тағайындалады.
  5. «Өтініш беру» бөлімін таңдап, қатысушы санатын көрсету;
  6. қажетті тіркеу деректерін толтыру және келесі мәліметтерді таңдау:
    – тапсыру тілі;
    – бейіндік пәндер комбинациясы.
    Ескерту: түсуші бейіндік пәндер комбинациясын таңдаған кезде 1-ші және 2-ші мүмкіндікте бірдей пәндерді көрсетуі тиіс, яғни 2 мүмкіндікте де бейіндік пәндер комбинациясы бірдей болады. Өтініш беру базасыжабылғаннан кейін тестілеу кезінде бейіндік пәндер комбинациясын өзгертуге мүмкіндік берілмейді. Яғни, тестілеу өтініште көрсетілген комбинацияға сәйкес өткізіледі;
    – тестілеу күні, уақыты және орны (Ескерту: ағымдағы жылғы мектеп бітірушілері тестілеу орнын тек облыс ішінде таңдай алады);
  7. тестіленушінің келісімімен және міндеттемесімен, сондай-ақ 18 жасқа толмаған ағымдағы жылғы мектеп бітірушілері үшін ата-анасының немесе заңды өкілінің осы құжаттағы тармақтарымен мұқият танысу;
  8. орта білім беру ұйымдарының ағымдағы жылғы бітірушілерін қоспағанда, тестілеу үшін қалаған төлем әдісін таңдау және төлем жасау;
    Ескерту: орта білім беру ұйымдарының ағымдағы жылғы бітірушілеріне тестілеуді тегін тапсыруға мүмкіндік беріледі, мәліметтері Ұлттық білім беру деректер қорымен (ҰБДҚ) сәйкестендіріледі;
  9. «Менің іс-әрекетім» бөлімінде төлем жасағаннан кейін, қажет болған жағдайда өтінішке өзгеріс енгізуге (бейіндік пәндер комбинациясы мен тапсыру тілі) мүмкіндік беріледі. Ескерту: өтініш бергеннен кейін, тестілеу күнін, уақытын және орнын өзгертуге болмайды. Тестілеу құны – 4 230 теңге.

Тестілеуге қатысу үшін төлемді келесі тәсілдермен жүзеге асыруға болады:

  1. банк картасымен төлеу арқылы онлайн (банк картасымен төлеуді таңдаған кезде бағдарламада автоматты түрде төлем сайты ашылады);
  2. Kaspi.kz-пен төлеу арқылы онлайн (Kaspi.kz-пен төлеуді таңдаған кезде тапсырыс нөмірін қалыптастырып, қосымша немесе Kaspi.kz сайты арқылы төлеу қажет);
    Ескерту: Төлемді тапсырысты қалыптастырғаннан кейін 1 сағат (60 минут) ішінде жасау керек, белгіленген уақытта жасамаған жағдайда, өтініш жойылады.

Тестілеудің 1-мүмкіндігінде тестілеуге кіргізу кезінде тестілеу ережесін бұзғаны үшін тестілеуге жіберілмеген және тестілеу кезінде тестілеу нәтижелері жойылған тестіленушілер 2-мүмкіндіктегі тестілеуге жіберілмейді.

Бұл ретте, егер тестіленуші бірінші тестілеуді сәтті тапсырса және екінші тестілеуде тестілеу нәтижесі жойылса, онда оның бірінші тестілеу нәтижесі жойылады және білім беру гранттарын тағайындау конкурсына жіберілмейді.

Орталық филиалдарының қызметкерлері, орта білім беру ұйымдары және ЖЖОКБҰ қабылдау комиссияларының жауапты хатшылары түсушілерді өтініш беру мерзімдерімен және алгоритмімен таныстырулары қажет.

Өтініштерді қабылдау туралы ұйымдастыру сұрақтары бойынша келесі телефондарға хабарласуға болады: 8-(7172)-695292, 695280, 695096, 695287 (198, 186, 132, 193).