Президент ұсыныстарын қолдаймыз!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 16 наурызда Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзін Алматы технологиялық университетінің басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы студенттер өкілдерімен бірге телдидардан тыңдады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында саяси реформалардың жаңа бағдарламасын және жақын арада жүзеге асырылатын бірқатар әлеуметтік-экономикалық шараларды ұсынды. Бұл бастамалар университет ұжымы тарапынан толық қолдау тауып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауын қасіретті қаңтар оқиғасынан бастады. Ол тәртіпсіздіктер бойынша алдын ала қорытындылар дайын екенін айтты.
«Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан ары жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көздеді. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер қарулы бандалар мен опасыз шенеуніктер бірігіп астыртын топ құрды. Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты.
Билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты. Осының бәрін шетелдегі радикал күштер өз мақсатына пайдаланғысы келді. Олар Қазақстанды қақтығыс аймағына айналдырып, елде ойран салмақ болды. Президентті биліктен кетіргісі келді.
Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болды. Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады. Олар күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді», – деді Президент Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Жолдауда Тоқаев Президенттің жақын туыстарына қандай тыйым салынатынын айтты. «Мемлекет басшысы барлық азаматтар үшін мүмкіндіктер теңдігінің мызғымас кепілі болуы тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстары үшін саяси мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектордағы басшылар лауазымдарына орналасуға заңнамалық тыйым енгізілетін болады», – деді Президент.
Сонымен қатар, Президент Мемлекет басшысының облыстар, республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің актілерінің күшін жоюға немесе қолданылуын тоқтата тұруға құқығы барын айтты.
Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құру ұсынылды
Президент Жоғары аудиторлық палата төрағасы Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беруі тиіс екенін айтты.
«Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн. Сондай-ақ, мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын», – деді Президент Жолдауында.
Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге партия филиалдарында қызмет атқаруға тыйым салуды ұсынды.
Тоқаев Сенаттағы президенттік квотаны қысқарту туралы айтты.
«Мәжілістегі ҚХА квотасын алып тастаймыз, бұл, менің ойымша, саяси және заңды тұрғыдан да дұрыс. Бұл квота Сенатқа ауыстырылады және 9-дан 5 депутатқа дейін қысқартылады. Тиісінше, Мәжілістегі депутаттық орындардың жалпы саны азаяды», – деді Тоқаев.
Президент Қазақстанда партияларды тіркеу рәсімдері жеңілдейтінін, Конституциялық сот, сондай-ақ Ұлттық құрылтай құру қажеттігін айтты.
Мәжіліске заң қабылдау құқығы беріледі, Парламент Сенатына Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізу ұсынылды.
Қазақстанда енді 20 облыс болады, Тоқаев өз сөзінде Алматы облысын екіге бөлуді ұсынды: Алматы (облыс орталығы – Талдықорған) және Жетісу (облыс орталығы – Қапшағай). Қапшағай қаласының атауын Қонаев деп өзгерту ұсынылды. Абай облысы құрылады. Семей облыс орталығы болады. Ұлытау облысының орталығы – Жезқазған болады.
Мемлекет басшысының айтуынша, Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет болады. «Сондай-ақ, жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек», – деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Жаңа Қазақстанның» мағынасын айтты: «Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстан құру. Бұл нені білдіреді? Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен елдің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады. Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға сенеміз».
Президент Жолдауын тыңдап болғаннан кейін оқытушылар мен студенттер өзара пікір алысып, айтылған ұсыныстар мен алға қойылған міндетер қалың қауымның көкейінен дөп шыққанын атап көрсетті. Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының Жолдауындағы тұжырымдар университет ұжымын Жаңа Қазақстан жолындағы игілікті істерге өз үлесін қосуға жігерлендіріп отыр.