Жұмыс беруші мен университет – сенімді серіктестер

0 Comments

2021 жылдың 24 қыркүйегінде «АТУ» АҚ Қамқоршылар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Дөңгелек үстел басына «АТУ» АҚ стратегиялық серіктестері жиналды. Түрлі салалық қауымдастық төрағалары, жеңіл өнеркәсіп пен тамақтану өндірісіндегі жетекші компания басшылары, проректорлар мен декандар, құрылымдық бөлімшелердің басшылары бастаған университетіміздің зиялы қауымы келді. Бұл кездесуіміз университет пен бизнес өкілдерінің кәсіби тұрғыда қалыптасқан қауымдастығын көрсетті.

Бірінші сөз алған «АТУ» АҚ Бірінші проректоры Б.Қ.Нұрахметов Қамқоршылар кеңесінің мүшелеріне көп жылдан бергі жалғасып келе жатқан серіктестік үшін, еліміздің экономика саласына қажетті білікті мамандар даярлау ісіне белсене атсалысып келе жатқаны үшін зор алғысын білдірді.

Қамқоршылар кеңесінің төрайымы М.Д.Сабралиева кеңестің 2020-2021 оқу жылындағы қызметі туралы есебімен таныстырып, 2021-2022 оқу жылына арналған жоспарын көрсетті. Өткен оқу жылы аясында студенттерді кәсіби мамандармен тікелей эфирде жолықтырған Қамқоршылар кеңесіне декандар тарапынан алғыстар айтылды.

«АТУ» АҚ мен салалық кәсіпорындар арасында жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру мамандарының тәжірибеден өтуі бойынша серіктестігі талқыланды. Оқу әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор Л.К.Байболова Қамқоршылар кеңесіне дуалды білім беру арқылы серіктестіктің аясын кеңітейік деген ұсыныс айтты. Сонда әр өнеркәсіптен саласына сай кафедралар ашып, студенттерге қонақ лекциялар ұйымдастыруға болар еді деген тілек айтылды. Қамқоршылар кеңесі мұны жақсы қабылдап, жұмыс берушілер тарапынан ұсыныстар айтыла бастады. Тәжірибе жинақтау мәселесін екі тарап та маңызды деп тапты. Бұл мәселе кадр даярлау саласында қазіргі таңда өте өзекті.

Оқу әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор Л.К.Байболова «Эндаумент АТУ» қорының есебін ортаға салды. Келіп түскен қаржы мен қордың бастамасымен талантты студенттерге жасалған қолдау істері баяндалды.

Сөз соңында Бірінші проректор Б.Қ.Нұрахметов жиналған қауымға алғысын айтып, келешекте де университет пен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақты серіктестікті дамытып, көкжиегін кеңейте беру жөнінде сенімін білдірді.