Жамбыл музейіне саяхат
30 қазан Алматы технологиялық университетінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының ұйымдастыруымен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай Алматы қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан Жамбыл ауданы Жамбыл ауылындағы «Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық мұражайы» деп аталатын қасиетті орынға өз студенттерімізді алып бардық. Мұражайға келгеннен кейін Жамбылова Салтанат Тезекбаевна күтіп алып, экскурсияны бастады. Ол жерде ауыз әдебиетінің алыбы Жамбыл Жабаев туралы дүниеге келгеннен бастап, өмір жолы, қайраткерлігі, шынайы достары, таныстары, отбасылық өмірі, ерең еңбектері туралы терең мағынадағы ақпараттармен таныстырды.
Жамбыл Жабаев 1846 жылғы ақпан айының 28-і күні Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген. Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен-ақ таныла бастаған. Бозбала шағынан ортасын ән мен жырға кенелтіп, көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылған. Сол кезде Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның батасын алады. Жамбыл “Шағым”, “Жылқышы”, “Шәбденге”, “Сәт сайланарда”, “Өстепкеде”, “Патша әмірі тарылды”, “Зілді бұйрық” сияқты өлеңінде елдің әлеуметтік саяси өмірін көрсеткен. Жамбылдың шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып, дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған. Жамбыл 1945 жылғы мауысым айының 22-інде Алматы облысының Ұзынағаш елді мекенінде 99 жасында дүниеден өтті. Ұлы қазақ даласында сан ғасырлық жолдан өткен жыраулық мектеп бар еді. Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспанбет, Жиенбет, Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей, Қаблиса, Сүйінбай сынды жыраулар өмір сүрді. Ауыз әдебиетінің алыбы Жамбыл Жабаев та осы жыраулық мектептің соңғы өкілі десе де болғандай. Ол «Менің – пірім Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп өмірін өлеңге арнады. Атақты Майкөт пен Құлмамбетті жеңіп, Жетісудың бірінші ақыны атанды. «Елімнің жақсыларын таныстырған, Ой жырым, қызыл тілім сенің арқаң», – деген Жамбыл баба қандай құрметке де лайық. Жамбылдың «Ленинградтық өренім» атты атақты өлеңі ешқашан ұмытылмайды. Рас, Жамбыл Жабаевтың 100 жылдық ғұмырының соңғы 28 жылы Кеңестер одағы тұсында өтті. Бұл ақынның қасиетіне де, қасіретіне де айналды. Коммунистік жүйе, оның идеологтары Жамбылды партияның ұранына айналдырып жіберді. Тек партиялық тұрғыдан бағаланды.
Осы қасиетті жерде Жамбыл Жабаев туралы көптеген мәліметтермен сусындаған білімгерлер қатарынан 1 курс студенті Қуанышбай Арайлым Асқарқызының шабыты оянып, сол сәтте ойынан туындаған өлең жолдарын оқып берді:
«Әр әуені құлағыңда сыңғырлы,
Көркем сөзбен көмкерілген мың түрлі.
Жамбыл бабам өшпес ізін қалдырып,
Кеткен екен мұра қылып, ән-жырды.
Жамбыл ата-бабамыз!
Әр сөзіне мән беріппіз бәріміз,
Шындық пенен шыншылдықты ұстанып,
Мәңгілікке ел жадында сақталып».
Жетекшілікте: Мүтәшқызы Зәмзә, Ғалия Асанбайқызы, Дина Бекзатқызы, А.Нусупов болды.
Қатысқан білімгерлер саны 27.
АТУ басшылығына қолдағаны үшін, қатысқан студенттерге және барлық факультет декан орынбасарларына атсалысқаны үшін алғыс айтамыз.