Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекеттік қайраткер және әлемдік саясаткер

0 Comments

Алматы технологиялық университеті  29 қараша 2021 жылы сағат 16:00 де «Рухани жаңғыру» кабинетінде  “Қазақстан халқы Ассамблеясы” және “Әлеуметтік, гуманитарлық пәндер” кафедраларымен бірлесіп «Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекеттік қайраткер және әлемдік саясаткер» атты тақырыпта ашық дәріс өткізді. Модератор: Қодар Зәмзә Мүтәшқызы – “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедра меңгерушісі, ф.ғ.д., РAE корреспондент мүшесі.

Осы тақырыптағы дәрісті оқыған, лектор – Батхолдин Калтай Сейткажинович болды. Сөздің басын: «Адамзат тарихындағы жаһандық жағдайға алаң көңілмен қарайтын және оның шешілуіне өзі тікелей араласатын мемлекет басшылары саусақпен санарлық. Солардың бірі һәм бірегейі – Нұрсұлтан Назарбаев. Ел басының адамзат игілігіне жарап жатқан жаһандық бастамалары мен ерекше моделін қарастырайық.» деп бастады.

«Назарбаев моделі». Нұрсұлтан Назарбаев тарихи өлшем бойынша өте қысқа мерзімде егеменді елдің зайырлы, құқықтық және біртұтас мемлекет ретіндегі негізін қалап, жас мемлекетті халықаралық қоғамдас­тықтың белді мүшесіне айналдырды, БҰҰ мен Дүниежүзілік сауда ұйымының қатарына қосты. Елде саяси бірлік пен қоғамдық келісім орнатып, мемлекеттігіміздің мызғымастығына кепіл болды. Халықаралық деңгейде Қазақстанды қарусыздану және жаппай қырып жою қаруын таратпау, аймақаралық интеграциялық үдерістердің бастамашысы, мәдениет, дін, өркениеттер арасындағы пікіралмасудың модераторы ретінде танытты. Президент  әлемнің барлық мемлекеттерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға ұйытқы болды, сыртқы әлеммен сауда-экономикалық, инвестициялық байланыс жасауға басымдық берді. Бірлікті сақтап, келісім орнату үшін, мемлекет басшысының  бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстанды халықтар достығының мекеніне айналдырды.  Астанамыз Нұр-сұлтан қаласы Отанымыздың жүрегіне, елдігіміздің тірегіне айналды. 2010 жылы астанада ЕҚЫҰ халықаралық саммиті ұйымдастырылып, 56 мемлекеттің басшысы бас қосты. Қысқы Азия ойындарының жалауы  астанада желбіреп, бірнеше жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайы елордада өтіп жүр. Елорданың ТМД елдері арасында тұңғыш рет халықаралық EXPO-2017 көрмесін абыроймен атқарғанын әлем біледі. «Назарбаев моделі» деген осы.

Елбасының ел басқарып отырғанына отыз жылға жуық уақыт болғанын, тәуелсіз Қазақстанның тарихында президенттік биліктің ауысып көрмегенін ескерсек, Назарбаевтың өз еркімен президенттіктен кетуі тарихи оқиға болды.  Әлемдік саясат көрсеткендей, көптеген әлеуметтік дағдарыстар, саяси тұрақсыздықтар мемлекеттің бірінші басшысы ауысар тұста болып жатады. Дамыған елдерде президенттердің ауысуы ел-жұртты көп алаңдататын оқиға емес. Заң бар, дәстүр бар, рет-ретімен келіп-кетіп жатады. Ал, әсіресе, бұрынғы кеңес кеңістігі мен дамушы елдерде басшылардың ауысуы – үлкен оқиға. Ельцин қайырылмай кетті, бір Алиев тағын мұралыққа тастап кетті, Ақаев-Бакиевтер қуылып кетті, Каримов жұмыс үстінде жүріп кетті де, бала-шағасының үстінен қара бұлт үйірілді. Біздегі оқиға бұлардың ешқайсысына ұқсамайды. Президент ауысуының қазақстандық нұсқасы. Президенттіктен түскенмен, Елбасының билігі кеміп қалмайды. Елбасы Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде елдің ішкі-сыртқы саясатын айқындайды. Дегенмен, ел-жұрт жаңа есімдерге де үйренген соң, жәй-жәй жаңа президент те дербес ойыншыға айналады. Тарихи оқиға елдің болашағы үшін маңызды болары сөзсіз! – деп дәрісті қорытындылады.

Дәріс соңында онлайн және офлайн қатысып отырған білімгерлерге, Елбасы – Тұңғыш Президент күніне арналған «Brain ring» ойыны ойнатылды. 15 сұрақтан тұратын бұл ойын студенттеріміздің қызығушылығын оятып, белсене атсалысты. Ойын барысында Калтай Сейткажинович бұл сұрақтар мемлекеттік емтиханда кездесетіндігін сөзге тиек етті. Нәтижесінде, сұраққа ең көп жауап берген 3 студентіміз жеңімпаз атанды. Олар: 1 орын иегері- Исатай Алихан ТМО 21-12; 2 орын – Саят Арайлым ТМО 21-12; 3 орынды онлайн катысқан – Әмірбай Нұржан ТПП 21-12 студенттеріміз Алматы технологиялық университеті атынан естелікке шыныаяқ сыйлықтарын иеленді.

Бұл ретте де YouTube арнасында тікелей эфир жүргізілген болатын, көрермендер саны 910.

Тікелей эфир – https://www.youtube.com/watch?v=P2MqAe0mUXM