Мерейлі жас құтты болсын!

0 Comments

Ұлағатты ұстазымыз, астықты сақтау және кептіру саласының білікті маманы, техника ғылымдарының кандидаты, Алматы технологиялық университетінің
«Астық өнімдері және өңдеу өндірістерінің технологиясы» кафедрасының профессоры Байболов Кемербек Байболұлы – 80 жаста!

Байболов Кемербек Байболұлы – астық өңдеу өндірістерінің технологиясы саласындағы үздік мамандардың бірі. Ол ғылым, білім беру және өндіріс саласында терең білімін, іскерлігін жоғары деңгейде көрсетіп, астықты өңдеу және сақтау технологиясы саласының білікті, үлгі тұтатын ардақты ұстазы ретінде танылды.

К.Б.Байболов зерттеу мәліметтерін алуда, қорытынды шығару кезінде және өндіріске енгізу кезеніңде өзін дарынды ғалым, мықты зерттеуші ретінде танытты. Ол «Дәнді, бұршақ дақылдарын, жарма өнімдерін, көкөніс және жүзім шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау және қайта өңдеу технологиясы» мамандығы бойынша техника ғылымдарының кандидаты.

Ол тәжірибелі оқытушы, студенттерге оқу материалын түсінікті, оңай түсіндіріп бере алады, жоғары деңгейде дәрістерді және зертханалық, тәжірибелік сабақтарды өткізеді. Соған қоса, 5В072800 — «Қайта өндеу өндірістерінің технологиясы» мамандығы бойынша оқитын студенттердің курстық жұмыстарының, диплом жобаларының жетекшісі болып жұмыс істеуде.

К.Байболов 200-ден аса ғылыми оқу-әдістемелік нұсқауларды шығарды: оның ішінде жарияланған 10 оқулығы Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары студенттерінің ана тілінде түсінікті жазылған, сүйсініп оқитын кітаптарына айналған.

Алматы технологиялық университетінде жұмыс істегелі өзіңізді жауапты қызметкер, жайдары мінезді, адамгершілігі мол адам ретінде көрсетіп келесіз. Сіздей білімі жан-жақты оқытушы, тәжірибелі жетекшіні шәкірттеріңізбен бірге қатар қызмет етіп жүрген біздей әріптестеріңіз де қатты бағалаймыз және мақтан тұтамыз.

Сіздің бүгінгі қуанышты сәтіңіз – туған күніңіз құтты болсын!

Сіз білім беру саласында біліктілігіңіз бен іскерлігіңізді орайлы ұштастыра отырып, көп жыл бойы өнегелі еңбек етіп, жасампаз істер атқарып келесіз. Әріптестеріңізге осы бір маңызды саланың қыр-сырын үйретуден жалыққан емессіз. Бүгінде ұжымымыз Сізді үлкен абырой мен беделге ие болған тәжірибелі, үздік маман ретінде құрмет тұтып, сыйлайды.

Денсаулығыңыз мықты, жүзіңіз жарқын, ғұмырыңыз ұзақ та мағыналы болсын! Әрқашан мерейіңіз үстем, мәртебеңіз биік болсын!

Ізгі ниетпен, шәкіртіңіз, әріптесіңіз – Сәуле Жиенбаева